ФСБ Путиннен Пригожиннің көзін жойып жіберу жөнінде бұйрық алды
МӘСКЕУ. 30 маусым. Украина әскери барлауының басшысы Кирилл Буданов Кремльден «Вагнер» бүлікшілерінің басшысын жойып жіберу хақында бұйрық берілгенін атап өтті. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Буданов Путиннің Пригожинге енді не істегелі тұрғанын білетініне өте сенімді болып отыр.
Украина әскери барлауының басшысы Кирилл Буданов Кремльдің Ресей әскери бүлік шығарған «Вагнер» жеке әскери компаниясының құрбашысы Евгений Пригожинді өлтіріп тастауға бұйрық бергеніне титтей де шүбә келтіріп отырған жоқ.
Украина Қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасының жетекшісі Кирилл Буданов америкалық журналист Говард Альтманға берген сұхбатында осы ойларын ортаға салды.
«Біз Пригожинді өлтіру РФ федералды қауіпсіздік қызметіне тапсырылып қойылғанын біліп отырмыз… Оны орындауға шамалы уақыт керек», – деді Буданов.
Ол бұл операцияны жақын күндерде жүзеге асырылады деп күтудің қажеті жоқ екенін айтты. Себебі, ресейлік қауіпсіздік қызметі оның жоба-жоспарын енді ғана талдап жасап жатыр. Бұған қоса, Буданов ресейлік арнаулы қызметтің әліптің артын бағып, бұйрықты орындауды созыңқырап жүріп алуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Еске сала кетейік, Мәскеуге 200 шақырым жер қалғанда, Пригожин өзінен қылмыстық жауапкершілік алынатынына, қауіпсіздігіне кепілдік берілетініне, сондай-ақ Беларусьтен баспана табатынына уәде берілгенліктен, жорықты тоқтатуға келіскен болатын.
Бүгін Евгений Пригожин өзінің медиахолдингін таратқанын мәлімдеді. Соның аясында телеарналары, интернет-ресурстары түгел жабылды.