НЬЮ-ЙОРК. 25 қыркүйек. Украина президенті Володимир Зеленський Ресейдің Қытайсыз түк жасай алмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Украина президенті Бейжіңнің әрекетсіздігін айыптап, Қытайдың ғана соғысты тоқтатуы мүмкін екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Мәскеудің АҚШ-тан қатты қорқатынын баса айтты.
Володимир Зеленський тек Қытайдың ғана Ресейді Украинадағы соғыстан алып қала алатынын тәпір етті.
Зеленський 23 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында: «Егер Қытай шынымен де соғыстың аяқталуын қаласа, Мәскеуді бұл басқыншылықты тоқтатуға мәжбүр етуі тиіс. Қытайсыз Путиннің Ресейі ештеңеге тұрмайды, бірақ Қытай бейбітшілік үшін әрекет етудің орнына үндемей, шеттеп қалып отыр», – деді.
Зеленський Мәскеуді соғысты тоқтатуға итермелей алатын тағы бір ел екенін атап өтті. «Мәскеу Америкадан қорқады және әрдайым оны назарында ұстайды», – деді ол АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуі қарсаңында.
Зеленськийдің айтуынша, Киев АҚШ-тың атысты тоқтату және Мәскеумен келіссөздер жүргізу жөніндегі барлық ұсыныстарын қолдайды, бірақ «Ресей әрқашан «жоқ» деп жауап беріп келеді немесе тіпті атысты тоқтату бітімінің өзі болмауы үшін неше түрлі шырғалаңға салып бақты».
Украина президенті Владимир Путин Украинамен және әлеммен бетпе-бет келуден қорқады деген пікір білдірді.
«Бұл адам Украинамен және әлеммен бетпе-бет отыруға қорқады және тек соғысты қалайтынын ашық мойындайды», – деді Зеленський.
Ол БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі Ресей өкілі Василий Небензя «нақты шешім қабылдайтын адам емес» деп мәлімдеді, ал Путин шетелде «дипломатия іздеп жүргендей кейіп танытқанда, шынын мәнінде сол уақытта көбірек кісі өлтіріп қалуға тырысады».
Бұған дейін Зеленський Fox News арнасына берген сұхбатында Киев Путинмен Австрия, Швейцария, Түркия, Катар, Сауд Арабиясы және Қазақстан секілді бейтарап елдерде бейбіт келіссөздер жүргізуді ұсынғанын, бірақ Мәскеудің екі жақты кездесуге әлі келіспей тұрғанын айтқан. Тамыз айында Путинмен Аляскада өткен саммиттен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина басшылары соғысты тоқтату мәселесін талқылау үшін кездесуі керек деп мәлімдеді. Кейін Ресей президенті Зеленськиймен келіссөздер жүргізуден «ешқандай мән көрмейтінін» атап өтті, өйткені онымен басып алынған аумақтарға қатысты келісімге келу мүмкін емес деп санайды.
USD




