Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Испания құрамасы Ұлттар лигасының жеңімпазы атанды (видео)

РОТТЕРДАМ. 19 маусым. Испания құрамасы Нидерландтың Роттердам қаласында ойналған Ұлттар лигасының финалында Хорватияны матчтан кейін пенальти сериясында ұтып, жеңімпаз атанды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Роттердамның «Де Кейп» стадионында өткен матч тартысты басталды. Мамандар мен жанкүйерлер де бұл финалдық кездесуден дүркіреп соғылатын голдар күтті. Себебі, екі құраманың турнирде өткізген соңғы үш ойынында 19 (!) доп соғылған еді. Алайда Златко Далич (Хорватия) пен Луис де ла Фуэнте (Испания) командаларына нәтиже үшін ойнау тәртібі өз әсерін бермей қойған жоқ. Сондықтан екі жақ та қанша шабуылға шығып жатқандарымен барынша сақ ойнады.

Матчтың өзі айтарлықтай қызықты өтті. Футболшылар алғашқы мүмкіндік болған бойда қауырт қарсы шабуылға шығуға ұмтылып бақты, сол үшін допты өздерінде көп ұстамады. Қарсы қотан жаққа жорық алма-кезек жүріп жатты. Соған қарамастан, нағыз гол соғатын мезеттер аз кезікті. Хорваттар испандардан ойын тізгінін алып қоюға тырысты, ал испандар оны уыстарынан оңайлықпен шығармады. Осының ыңғайында екі жақ та тылды қараусыз қалдырып кететіндей болып алаңсыз ашыла қоймады.

Кездесудің екі таймы да осылай өтті. Овер-таймда да осы қалып сақталып қалды. Содан кейін, әлбетте, кезек матчтан кейінгі пенальти сериясына келіп тоқтады.

Серияны хорваттар бастады. Қарсыластар алғашқы үш соққының кезінде сүрінген жоқ, есеп 3:3 болып тұрды. Ал бес футболшыдан тұратын бірінші жұп толық ұрып біткенде, есеп 4:4-ке келіп тірелді. Содан кейін екі жақтан алтыншы ойыншы нүктеге келді. Сол тұста матч тағдыры шешілді. Мұнда мүлт жібермеген испандар 5:4 есебімен жеңіске жетті.

Пенальтиді бірінші жұпта хорваттардан – Влашич, Брозович, Модрич, Перишич, испандардан Хоселу, Родри, Мерино, Асенсио дәл түсірді, ал хорват Майер мен испан Ляпорт соға алмады. Соңғы лекте хорват Петкович мүлт кетті, испан Карвахал жеңісті тартып әкетті.

Сөйтіп, Испания құрамасы Ұлттар лигасының үшінші рет өткізіліп тұрған 2022/2023 жылдарғы маусымдағы жарысында жеңімпаз атанды. Осылайша «Қызыл фурия» өзінің тарихында бірінші рет осы атаққа қол жеткізді.

Жалпы, УЕФА-ның Ұлттар лигасы турнирі 2018/2019 жылдарғы маусымда өзінің бірінші жарысын өткізді. Ол жолы Португалия құрамасы Нидерландты 1:0 етіп ұтып, трофейдің ең алғашқы егесі болды. Келесі, 2020/2021 жылдарғы маусымның финалында Франция құрамасы Испанияны 2:1 етіп тізе бүктіріп, биіктен көрінді.

Ұлттар лигасы

Финал

Хорватия – Испания  0:0

Пенальти сериясы – 4:5

Хорватия: Ливакович, Юранович (Станишич, 112), Шутало, Эрлич, Перишич, Модрич, Брозович, Ковачич, Пашалич (Петкович, 61), Иванушец (Влашич, 78), Крамарич (Майер, 90+1).

Испания: Симон, Альба, Ляпорт, Ле Норман (Фернандес, 78), Навас (Карвахал, 97), Родри, Руис (Мерино, 78), Гави (Ольмо, 87), Асенсио, Пино (Фати, 66), Мората (Хоселу, 66).

Ескерту: Гави, 81, Петкович, 90+2, Фернандес, 96, Родри, 97.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button