Украина «Грузия» атауынан бас тартып, оны «Сакартвело» деп атамақшы
ТБИЛИСИ. 28 мамыр. Украина посткеңестік елдерге «Грузия» атауымен танымал болған бұл елді бұдан былай тек «Сакартвело» деп атайтын болып отыр. Бұл туралы NewGeorgia дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Украина Жоғарғы радасы Грузия елінің тарихи атауы – Сакартвело сөзін қолданысқа енгізу жөіндегі қаулының жобасын тіркеді», – деп атап өтті украинның бұқаралық ақпарат құралдары.
Қаулы жобасы Жоғарғы рада сайтына 9329 нөмірімен жарияланды.
Бастаманы бірнеше депутат бас болып көтерген. Парламент депутаттары оны бір кісідей қолдаған.
Аталмыш құжатта: «Украина Жоғарғы радасы Украинада грузин елінің «Сакартвело» деген ресми және тарихи атауын қолдану мақсатында қаулы қабылдайды: Украина Жоғары радасы Украинада ресми деңгейде, ресми хаттар мен қарым-қатынаста, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында «Грузия» орнына «Сакартвело» деген ресми және тарихи атауды пайдалану енгізілсін. Тиісінше, грузин халқы (грузиндер) «картвелдер» болып аталсын», – делінген.
Қаулы жобасының авторлары өздерінің бұл бастамаларына ресми Тбилисидің он бес жылға жуық уақыттан бері өзінің халықаралық әріптестерін орыс қолданысындағы «Грузия» деген атаудан бас тартуға үгіттеп келе жатқанына негіздейді.
«Атап өтуіміз керек, әлемде 20-ға жуық ел ғана, – соның ішінде Украина да бар, – «Грузия» атауын пайдаланады. Бұл елдердің көпшілігі – посткеңестік кеңістіктің немесе кеңестің ықпалына көбірек ұшыраған елдер. Елді бұлайша Ресей бастап берген. «Грузия» – Ресейдің империялық пиғылдағы атауы, ал «Georgia» – орыс тілінен аударылып алынған нұсқа», – делінген жобаға берілген түсіндірмеде.
«Сакартквело – «картвелдер елі, ол бұл мемлекеттің негізге өңірлерінің бірі – Картлиден алынған. Осыған сәйкес, грузин халқын (грузиндерді) көпше түрде «картвелдер» деп атау керек. Себебі, қазір «Грузия» аталып жүрген елдің нағыз тарихи атауы «Сакартвело» болып табылады, ол тіпті елдің атын да орыстандырып жіберген кеңестік (ресейлік) ықпалдың күштілігі салдарынан кезінде өзінің атауын ұстап тұра алмады, қазір әлемге тарата алмай отыр», – деп түсіндіреді халық депутаттары.
Бүгінде жаһандағы бірқатар елдер ресми құжаттарда «Грузия» деп атаудан бас тартып үлгерді. Мысалы, Литва республикасы 2021 жылғы қаңтардан бері оны «Сакартвело» деп атай бастады.