Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Таразда әлем чемпионатының қос жүлдегеріне зор құрмет көрсетілді

ТАРАЗ. 18 мамыр. Кеше Таразда бокстан әлем чемпионатының жүлдегерлері Асланбек Шымбергенов пен Дулат Бекбауов зор құрмет-қошеметпен қарсы алынды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.

Астанадан оралған былғары қолғап шеберлері мінген көліктер керуені қаланың көрікті жерлерін аралап келіп тоқтады. Оларды Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Ташкентте өткен әлем чемпионатындағы жетістіктерімен құттықтады. Аймақ басшысы спортшыларға алдағы жылы Парижде өтетін Олимпиялық ойындарда осындай жоғары табыстар биігінен көрінуге тілектестік білдірді.

Айта кетейік, құрама команда капитаны Асланбек Шымбергенов Ташкент рингінде 71 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атағын жеңіп алса, Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта күміс медальге қол жеткізді.

Тараз боксшылары әлем чемпионатында табысты өнер көрсетіп, Жамбыл бокс мектебінің күштілердің бірі екенін кезекті мәрте дәлелдеп берді. Облыста спорттың бұл түрінің қарқынды дамуына әр жылдары Серік Қонақбаев, Евгений Зайцев, Кәрімжан Әбдірахманов, Вадим Присяжнюк,  Рашид Кабиров, Кәрібек Бөкенов, Мұхтар Жапарқұлов, Болат Ниязымбетов, Казим Исмайылов, Болат Жұмаділов, Ермахан Ибрайымов, Бақтияр Артаев, Ғани Жайлауов, Олжас Сәттібаев, Әбілхан Аманқұл секілді атлеттер үлкен үлес қосты.

«1999 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында Болат Жұмаділов алтын медаль жеңіп алды, ал арада 24 жыл өткеннен кейін Асланбек Шымбергенов қазақ спорты жұлдызының сол табысын қайталап отыр. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш, зор жетістік. Бұған бапкерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков пен жаттықтырушы Ермек Ертаевтың сіңірген еңбектері аз емес», – деген облыс әкімі жүлдегерлердің ата-аналарына да алғыс айтты.

Нұржан Нұржігітов осы жерде әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновке – үш бөлмелі, Дулат Бекбауовқа екі бөлмелі пәтерлердің кілттерін тапсырды. Ол бұдан бөлек Шымбергеновтің жеке жаттықтырушысы Ермек Ертаевқа 5 млн теңгенің, Бекбауовтың жеке жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековке 3 млн теңгенің сертиифаттары табыс етілді.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button