Қошанов үш алаяқтың әкелері Мәжілістің беделін түсірмейді деп есептейді
АСТАНА. 10 мамыр. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов үш бірдей ұлы алаяқ болып шыққан Жигули Дайрабаевтың депутат болып отыруы Парламенттің беделіне нұқсан келтірмейді дейді. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Таза заң тұрғысынан келгенде, бізде Жигули Дайрабаевқа қойылатын мәселе жоқ. (…) Мен бұдан (Мәжіліс беделі) зардап шекпейді деп есептеймін», – деп жауап берді Қошанов журналистердің берген сұрағына.
Бұдан бұрын белгілі болғанындай, «Ауыл» партиясының мүшесі Жигули Дайрабаевтың үш баласы әр жылдары өздерінің алаяқтық әрекеттері үшін қылмыстық жауапқа тартылған екен. Бір айта кетерлігі, бір жағдайда парламентарий ұлдарының үстінен қозғалған қылмыстық іс ақталынабаған негізге бойынша тоқтатылған екен.
Депутаттың өзі болса, сәуір айының басында журналистерге ұлдарының жазықсыз екенін айтқан.
«Мен өз балаларымды жазықсыз деп есептеймін. Олар әділдік үшін күресіп жүр. Олар өз ар-намыстарын қорғауға мүдделі, енді апелляциялық сотқа шағымданатын болады», – деген еді Жигули Дайрабаев.
Еске сала кетейік, биылғы сәуір айының басында Таразда өткен сот отырысы депутаттың ұлдары Марат пен Дидарға қатысты үкім шығарды. Оларға субсидияның ережесін бұзды деген айып тағылды. Дәлірегі, кәсіпкер ұлдар көшеттер сатып алуға бөлінген мемлекет қаржысының бір бөлігін алаяқтық жолымен қымқырған көрінеді. Бұдан мемлекетке 550 млн теңге залал келтірілген. Олар дүние-мүліктері тәркіленіп, бес жылдан шартты жаза алды.