Молдова билігі Татарстан басшысын өз елдеріне кіргізбей жіберді
КИШИНЕВ. 17 сәуір. Молдова Ресейдің Татарстан республикасының басшысы Рустам Миннихановты елге кіргізбей, әуежайдан кері қайтарды. Бұл туралы newsmaker.md дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Татарстан басшысы өзін Молдоваға кіргізбегенін өзі айтты. Ұшақтың бортынан түсірілген видеода ол жергілікті биліктің өзін «ұнамсыз тұлға» деп есептеп, Молдова жеріне аяқ басуға мүмкіндік бермегенін баяндады.
Ресейдің RT телеарнасы Минниханов Молдова жеріне, өзінің айтуынша, Гагаузия автономиясында өтетін «Халықтар достығы – 2023» халықаралық конгресіне қатысу үшін барған көрінеді. Оны Гагаузия башканы (президенті) орнына үміткер Виктор Петров пен депутат-социалист Александр Суходольский шақырыпты.
«Өкінішке қарай, молдован билігі бізді ел ішіне жіберуге болмайтын ұнамсыз азаматтар деген деген шешім қабылдапты… Соған қарамастан, мен ыңғайды пайдаланып, сіздерді өткен Пасха мерекесімен құттықтаймын. Татар халқы мен гагауз халқы – туыс. Соңғы жылдары біздің арамызда жақсы байланыс орнады, біздің одан әрі даму жолындағы өзара көмекке қатысты үлкен жоспарымыз бар еді», – деді ресейлік саясаткер.
RT хабарлағандай, Миннихановтың ұшағы сол жерден Ресейге қайтып оралған.
Молдова шекара полициясының баспасөз қызметі осы инцидентке байланысты мәлімдеме жасады. Онда Гагаузия башканы орнына үміткерге қолдау көрсету Молдоваға келуге жеткілікті негіз бола алмайтыны атап көрсетілген. Шекара қызметі татар басшысының мәлімдемесіне осылай жауап қайтарды.