Бокс: Әлем чемпионатында қай елдің құрамалары топ бастады?
НЬЮ-ДЕЛИ. 28 наурыз. Бұрнағы күні Үндістан астанасында мәреге жеткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында қай елдің құрамалары топ бастағаны белгілі болды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Бірден айтып қояйық, Қазақстан боксшы қыздары бұл біріншілікте 2 күміс және 4 қола медальға қол жеткізді. Жарыстың соңғы, 26 наурыз күні аса ауыр салмақтағы Ләззат Күнгейбаева мағрибтік Хадиджа Мардиге есе жіберіп, екінші орынды місе тұтты.
Сонымен, бізден Карина Ибрагимова (57 кг) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) – күміс, Алуа Балқыбекова (48 кг), Надежда Рябец (66 кг), Валентина Хальзова (75 кг) және Фариза Шолтай (81 кг) қола медальдың иегерлері атанды.
Чемпионат жүлдегерлері:
48 кг. 1.Ниту Ниту (Үндістан), 2.Алтанцецег Луцайхан (Моңғолия), 3. Алуа Балқыбекова (Қазақстан), Ясмине Моуттакки (Мағриб);
50 кг. 1.Зарин Нихат (Үндістан), 2.Тхи Там Нгуень (Вьетнам), 3. Виктория Валенсия (Колумбия), Вассала Лхадири (Франция);
52 кг. 1.Ю Ву (Қытай), 2.Сирине Чараабо (Италия), 3. Юлия Апанасович (Болгария), Ринка Киношита (Жапония);
54 кг. 1.Шиао Вен Хуанг (Тайпей). 2.Марсела Араис Кастанеда (Колумбия), 3.Ютамас Ютпонг (Таиланд), Мунгунцецег Енкхжаргал (Моңғолия);
57 кг. 1.Ирма Теста (Италия), 2.Карина Ибрагимова (Қазақстан), 3. Амина Зидани (Франция), Ю-Тинг Лин (Тайпей);
60 кг. 1.Беатрис Жасмин Феррейра (Бразилия), 2.Паоло Валдес (Колумбия), 3. Еонжи Ох (Корея), Венлу Янг (Қытай);
63 кг. 1.Ченгуй Янг (Қытай), 2. Наталья Сычугова (Ресей), 3. Габриела Камильо Браво (Колумбия), Фатма Бенмесахел (Франция);
66 кг. 1.Лю Янг (Қытай), 2. Жанжаем Суваннапхенс (Таиланд), 3. Надежда Рябец (Қазақстан), Навбахор Хамидова (Өзбекстан);
70 кг. 1.Анастасия Демирчан (Ресей), 2.Фрэнсис Скотт (Австралия), 3. Пан Зоу (Қытай), Барбара Дос Сантос (Бразилия);
75 кг. 1.Ловлина Боргехайн (Үндістан), 2.Анне Паркер (Австралия), 3. Куан Ли (Қытай), Валентина Хальзова (Қазақстан);
81 кг. 1.Савату Савату (Үндістан), 2.Лина Ванг (Қытай), 3. Эмма-Суе Гринтри (Австралия), Фариза Шолтай (Қазақстан);
+81 кг. 1.Хадиджа Марди (Мағриб), 2.Ләззат Күнгейбаева (Қазақстан), 3. Диана Пятак (Ресей), Айнур Рзаева (Әзербайжан).
Үндістандағы әлем чемпионаты жанжалсыз болмай қалған жоқ. Турнирге қатысушылардың бірі – жозаирлық Иман Халиф (66 кг) еркек болып шықты. Алжирлік трансгендер жарыс аяқталғаннан кейін ДНК-тестің көмегімен тексерілді. Сонда онда еркек хромосомдары басым екені анықталды. Сондықтан ол дисквалификация жасалып, оның орнына финалға тай Жанжаем Суваннапхенс шықты. Ал қола медаль ширек финалда әлгі трансгендерден ұтылып қалған өзбек қызы Навбахор Хамидоваға берілді.
Командалық есеп бойынша құрамалар былайша орналасты: 1.Үндістан, 2.Қытай, 3.Ресей, 4.Италия, 5-7.Бразилия, Мағриб, Тайпей, 8.Қазақстан, 9.Колумбия. 10.Австралия, 11-12.Моңғолия, Таиланд, 13.Вьетнам, 14.Франция, 15-19.Әзербайжан, Болгария, Жапония, Корея, Өзбекстан.
Енді қазақстандық қыздардың әрбірінің чемпионаттағы жекпе-жектеріне тоқталып өтейік.
Турнир басталған күні, 16 наурызда Жазира Орақбаева (52 кг) 1/16 финалдық іріктеу сайысында тайпейлік Чиа Хсун Чангті 3-раундта нокаутпен ұтты.
17 наурызда бізден шаршы алаңға шыққан Римма Волосенко (60 кг) өзбек қызы Ситора Турдибекованы 3:2 есебімен ұтса, Фариза Шолтай (81 кг) Триндад және Тобаго өкілі Лианн Будрамды 1-раундта нокаутқа жіберді.
18 наурызда Алуа Балқыбекова (48 кг) – сингапурлік Кей Ванн Чи Вайдан 5:0 есебімен, Жайна Шекербекова (54 кг) – кореялық Аежи Имнен 4:1 есебімен, ал Надежда Рябец (66 кг) тағы бір корей қызы Суин Сеоннан 3:2 есебімен басым түсті.
19 наурызда әлем чемпионы Назым Қызайбай (50 кг) вьетнамдық Тхи Там Нгуеннен 0:5 болып ұтылса, Карина Ибрагимова (57 кг) колумбиялық Валериа Арбодеданы 2-раундта нокаутқа түсірді.
Наурыздың 20-сы күні басталған 1/8 финалдық іріктеу сайысында Жазира Орақбаева үндістандық Сакши Сакшиге 0:5 есебімен есе жіберіп алды. Ал Мәдина Нұршаева (70 кг) – кореялық Хен Геун Чойды 3:0 есебімен, Жайна Шекербекова – өзбек Нигина Уктамованы 3:2 есебімен, Валентина Хальзова (75 кг) венесуэлалық Мариель Уризаны 5:0 есебімен ұтып шықты.
21 наурызда Алуа Балқыбекова – ресейлік Юлия Чумгалакованы 4:1 есебімен тізе бүктірсе, Карина Ибрагимова әзербайжан Махсати Гамзаеваны 3-раундта нокаутпен жеңді, ал Римма Волосенко сербиялық Наталья Садринадан 3:2 есебімен, Надежда Рябец доминикандық Мария Морента Эрнандестен 5:0 есебімен басым түсті. Осы күні біздің Аида Әбикеева (63 кг) қытайлық Ченгуй Янгтен 0:5 есебімен ұтылып қалды.
22 наурызда ширек финалдық шайқастар болып өтті. Оған біздің 9 боксшымыз қатысып, олардың 6-уы жартылай финалға шықты. Атап айтқанда, Алуа Балқыбекова – түрік қызы Эриван Барутты (5:0), Карина Ибрагимова – венесуэлалық Омайлин Алкаланы (5:0), Фариза Шолтай – кениялық Элизабет Андриегоны (5:0), Ләззат Күнгейбаева – үндістандық Нурур Нурурды (3:2), Надежда Рябец – кабо-верделік Ивануса Гоместі (5:0) және Валентина Хальзова түркиялық Элиф Гумриді (4:0) жарыс жолынан шығарып тастады. Сөйтіп, бұлардың бәрі «медальдар ауылына» қадам басты. Бұлардан бөлек, Мәдина Нұршаева – бразилиялық Барбара дос Сантостан (1:3), Римма Волосенко – қытайлық Венлу Янгтан (0:5) және Жайна Шекербекова колумбиялық Марсела Араис Кастанедадан (0:3) аса алмады.
23 наурыз күні жартылай финалдық шайқастарға кезек келді. Онда Карина Ибрагимова – тайпейлік Ю-Тинг Линді (3:2), Ләззат Күнгейбаева әзербайжан Айнур Рзаева (5:0) сүріндірді. Ал Алуа Балқыбекова – үндістандық Ниту Нитудан (2:3), Надежда Рябец – қытайлық Лю Янгтен (1:4), Валентина Хальзова – австралиялық Анне Паркерден (0:5), Фариза Шолтай қытайлық Лина Вангтен (1:4) ұтылды.
25 наурыз күні ойналған финалдық жекпе-жекте Карина Ибрагимова итальян Ирма Тестадан (0:5) жеңіліп қалды. Ал 26 наурызда Ләззат Күнгейбаева марокколық Хадиджа Мардиге (0:5) есе беріп қойды.