Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Путин Халықаралық қылмыстық соттың рөлін күшейтуді ұсыныпты (видео)

ГААГА. 21 наурыз. РФ президенті Владимир Путин Халықаралық қылмыстық сотқа алғыс айтып, оның рөлін күшейте түсу жөнінде мәлімдеме жасады. Бұл туралы шетел ресурстарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.

Путин 2005 жылы Нидерландтың Гаага қаласында болған кезінде Халықаралық қылмыстық соттың жұмысына сұмдық риза болып, осы сөздерін айтқан екен.

Ал арада тура 18 жылға жуық уақыт өткеннен кейін сол сот Ресей президентінің өзі мен оның балалар құқығын қорғау жөніндегі өкілін соғыс қылмыскерлері ретінде қамауға алуға ордер жазып беріп отыр.

«Осы 18 жылдың ішінде ресейлік диктатор ақылынан түпкілікті алжасып, ХҚС-тың қарауына өзі түскелі тұр», – деп жазады «Диалог.ua» сайты.

Бүгін, 21 наурыз күні украин журналисі Ондрий Цаплиенко әлеуметтік желіге Путиннің 2005 жылы Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотта сөйлеген сөзінің видеосын теліп, ұмыт бола бастаған оқиғаны қайта жаңғыртып, жұрт есіне салды.

Сол сөздің стенограммасы Кремльдің ресми сайтына 2005 жылғы 2 қарашада жүктелген болып шықты. Путин «құқықтық саладағы мамандарға» атқарып жатқан жұмыстары және өзін Бейбітшілік сарайында жылы қабылдағандары үшін алғыс айтады. Ол ХҚС алдында сөз сөйлеу өзіне көрсетілген зор құрмет екенін де қыстыра кетеді. РФ президенті сондай-ақ өз елінің БҰҰ жанындағы ХҚС-тың іс-әрекеттеріне үлкен үлес қосып отырғанына тоқталады.

Путин сөзінде 1899 жылы Гагада бейбітшіліктің I конференциясы өтуіне мұрындық болған Федор Мартенстің белсенді әрекетін еске алады. Сол жолы Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында өткен конференция соғыс қақтығыстарын бейбіт шешу туралы конвенция қабылдаған болатын.

Путин 2005 жылы сондай-ақ РФ-ның кезекті саммитке қатысып, халықаралық құқықтың үстемдік алуын қолдағанын айтады. Кремльдің қожайыны РФ Конституциясында Ресейдің өзі қолдайтын халықаралық құқық нормалары туралы төртінші баптың бар екенін де еске салып өтеді.

Сөзінің соңында Путин РФ-ның бұдан әрі де халықаралық құқықтың үстемдік құруын қолдай беретінін мәлімдейді. Алайда арада 18 жыл өткеннен кейін ХҚС-тың өзін қамауға алу жөнінде жазып берген ордерін мойындағысы келмейтінін баяндайды.

Еске сала кетейік, күллі әлем қазіргі күндері Халықаралық қылмыстық соттың Путинді қамауға алу жөніндегі ордерінің тезірек жүзеге асуын тағатсыздана күтіп отыр.

Германия саясаткері Роланд Кохтың айтуынша, ресейлік олигархтар диктаторды ХҚС тарапына тапсыруға айрықша ынталы көрінеді.

 

Ескерту!  

rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button