ХОК Ресей мен Беларусь атлеттерін Олимпиадаға жібермеуге шешім қабылдады
ЛОЗАННА. 26 ақпан. Халықаралық Олимпиялық комитет (ХОК) түпкілікті шешім қабылдады: Ресей мен Беларусь спортшыларына бұрын берілген дисквалификацияның күші сақталып қалды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Халықаралық Олимпиялық комитет көп талас-тартыс пен сөз сайысынан кейін ақырында ресейліктер үшін де, белорустар үшін де дисквалификацияны бұрынғы күшінде сақтап қалуға ұйғарым жасады.
«Халықаралық Олимпиялық комитет Украинаға қарсы жарияланбаған соғысқа қатысушы агрессор-мемлекеттердің өкілдері – ресейлік және белорус спортшыларынан дисквалификацияны алмау жөнінде шешім қабылдады», – делінген ХОК-тың ресми сайтында.
Құжатта РФ мен БР атлеттеріне аталмыш санкцияның тап осы екі ел басшылығының Украинаға қарсы соғыс қимылдарын жүргізіп жатқаны үшін салынып отырғаны атап көрсетілген.
Бұдан бөлек, ХОК Ресей Федерациясының агрессиясы салдарынан зардап шегіп жүрген украин атлеттеріне көмек көрсету жалғастырыла беретінін мәлімдеді.
Шыны керек, бұдан бұрын Халықаралық Олимпиялық комитет, оның президенті Томас Бах ресейліктер мен белорустарды Олимпиадаға қайта оралтуға қарсы емес екендерін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Сонда олардың алға тартатын уәжі – аталған елдер спортшыларының өз елдері жалауларынсыз және гимндерінсіз бейтарап атлеттер қатарында қатысуларына мүмкіндік жасауға келіп сайды. Бұған адамзаттың ақыл-парасатты жоғалта қоймаған айтулы өкілдері бірден үдере қарсы көтерілді. Олар ХОК-пен арада әлденеше рет қарама-қайшы пікірталасқа барып, өз позицияларын нығыздай түсті.
Мұның соңы әрбірден соң әлемнің күшті спорт державаларының бірқатарының 2024 жылы Парижде өткелі тұрған Олимпиялық ойындарға бойкот жариялауларына апарып соқтыра жаздады.
Олимпиядаға бойкот жариялау жөніндегі инициативаны алғаш Польша бастады. Оның 16 ақпан күні мәлім болған бұл ультиматумын Литва, Латвия, Эстония, Чехия және Словакия артынша қолдап әкетті. Байқап тұрсаңыздар, бұлардың дені бұрынғы кеңестік республикалар және славян нәсілдес халықтар, сондай-ақ Варшава келісімшартын құраған мемлекеттер еді. Былайынша, кезінде жоғарыда айтылған Ресеймен және Беларусьпен ең тығыз араласқан жұрттар болатын. Осыған қарап-ақ бұлардың бәрін империялық пиғылдас шовинист ұлттың қаншалықты жалықтырып, ашындырып жібергенін анық байқауға болады.
Бұдан кейін Халықаралық Олимпиялық комитеттен РФ мен Беларусь спортшыларын бейбітшілікті насихаттайтын олимпиялық қозғалыс қатарына қоспауды 40-қа жуық ел талап етіп, бұл ультиматум есепке алынбаған жағдайда өздерінің Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартатындарын мәлімдеп, хат жолдады. Құжатқа қол қойғандар қатарында Австрия, АҚШ, Бельгия, Германия, Грекия, Дания, Жаңа Зеландия, Жапония, Ирландия, Исландия, Кипр, Корея, Латвия, Литва, Лихтенштейн, Люксембург, Нидерланд, Норвегия, Румыния, Словакия, Словения, Ұлыбритания, Финляндия, Хорватия, Чехия, Швеция және Эстония болды.
«Бұл дегеніңіз – Олимпиялық қозғалысты құлатумен бірдей еді. Осыдан қорыққан Томас Бах бастаған «жылыжүректер» ХОК-тың бұрын қабьылданған шешімін күшінде қалдыру жөнінде ұйғарым жасады», – деп жазды Politico.