«Странджа-2023»: Финалға бізден жалғыз Оразбек Асылқұлов шықты
СОФИЯ. 25 ақпан. Болгария астанасында өтіп жатқан «Странджа Кубогы-2023» халықаралық турнирінде қазақстандықтардан Оразбек Асылқұлов (суретте) қана финалға шықты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Жартылай финалдық бәсекеде Қазақстан құрамасының 57 килоға дейінгі салмақтағы өкілі армян Артур Базеянмен күш сынасты. Ұрыс өте кескілескен жағдайда өтті. Шайқастың аяғына қарай Оразбек таразы басын өзіне қарай аудара алды. Сөйтіп, төрешілердің шешімімен 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Ал 75 килоға дейінгі салмақтағы Нұрқанат Райыс алаң иесі – болгар боксшысы Киван Рамимен жұдырық сілтесті. Біздің бағланның осының алдында өзбек Одилхон Абдуллаевпен жекпе-жекте көп күш жұмсап қойғаны байқалып қалды. Нәтижесінде ол 1:4 есебімен есе жіберіп қойды.
Осылайша Нұрқанат турнирдің қола медалін місе тұтты.
Жалпы, бұл турнирге Қазақстаннан 12 боксшы қатысты. Олардың қатарында тағы мына спортшылар болды: Ернұр Қайрат (48 кг), Кенже Мұратұлы (51 кг), Бекзат Алдамжаров (54 кг), Ерасыл Таңқай (60 кг), Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг), Темірхан Тезек (67 кг), Бекзад Нұрдәулетов (80 кг), Бекзат Таңатаров (86 кг), Абзал Кұттыбеков (92 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг). Бұлар турнирдің әртүрлі кезеңінде жарыс жолынан шығып қалып, «медальдар ауылына» жете алмады.