Димаштың еуропалық туры Краснодардан басталды
КРАСНОДАР. 17 ақпан. Кеше түнде Ресейдің Краснодар қаласында әлемге танымал қазақстандық жас әнші Димаш Құдайбергеннің жеке концерті болып өтті. Бұл туралы ainews хабарлады.
Қаладағы 7500 орындық «Баскет-холл» залында өткен концертте ине шаншар орын болған жоқ.
Димаштың табынушылары оны аэропорттан күтіп алды. Ал концерт залына олар өнер кеші басталардан көп бұрын жиналды. Бұлардың арасында ғажайып әншінің жанды даусын тыңдап, рахат сезімге бөлену үшін Ресейдің түкпір-түкпірінен келген фанаттар аз болған жоқ.
Әнсүйер қауым залдың фойесіндегі фан-аймақта әншімен суретке түсіп, оның рәсімдері бар плакаттар алу мүмкіндіктеріне ие болды.
Концертте Димаш «Арнау» бағдарламасының жаңартылған нұсқасын ұсынды. Бағдарламадан жаңа нөмірлерден бөлек, жетілдірілген декорациялар орын алды, оның техникалық бөлігі жақсартылды.
Көрермендер концерттің өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Онда барлық жағдайлар ескерілген екен. Табынушылар Димаштың әрбір орындауын қуана қарсы алды. Әнші концерт кезінде сахнадан залға түсіп тұрды. Сол кезде бұған дейін қалыптасқан дәстүр бойынша, зал толы көрермен Димашқа қосылып ән салды. Соның ішінде қазақтың «Дайдидай-ау» әні мен Игорь Крутойдың «Любовь уставших лебедей» шығармасының шоқтығы биік көрінді.
Қазақстандық өнер шеберін құрметтеушілер арасында барлық жастардағы, кәсіптегі адамдар және алуан түрлі ұлттың өкілдері болды.
Концерт кезінде, әсіресе, Димаштың залға түсіп, өзімен қосылып ән салуды армандап жүрген кішкентай қызды сахнаға жетелеп алып шыққаны айрықша жан толқытар сәтке айналды.
Еске сала кетейік, Краснодар Димаштың Еуропа елдеріне жасайтын турнесінің бастапқы қаласы болды. Бұдан кейін ол Мәскеу, Рига, Прага секілді бірқатар қалаларда жеке концертін қояды.