Қазақстанның боксшы қыздары Мағрибте алдарына жан салмады
МАРРАКЕШ. 13 ақпан. Марокко астанасында бокстан Мохаммад VI-ны еске түсіруге арналған халықаралық турнирде Қазақстанның әйелдер құрамасы бірінші орын алды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Турнир 2-10 ақпан аралығында өтті. Осымен бұл сайыс өзінің 6-шы мәресіне жетті. Ол ерлер және әйелдер құрамалары бойынша жарыс көрігін қыздырды. Бірақ Қазақстан бұл додаға тек әйелдер жамағатын ғана жіберді.
Мағриб елінде қазақ бойжеткендері құрама қоржынына 5 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль салып, бәсекелестерінен оқ бойы озып кетті. Екінші орынға жайғасқан Ресей командасында 3 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль бар. Ал үшінші орынға 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медальдар жиынтығымен Тайпей (Тайвань) жасағы орналасты.
Турнирде қазақстандықтар сапынан Алуа Балқыбекова (48 кг), Назым Қызайбай (50 кг), Жайна Шекербекова (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг) және Валентина Хальзова (75 кг) – алтын, Аида Әбікеева (63 кг) және Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) – күміс, Надежда Рябец (66 кг), Мәдина Нұршаева (70 кг) және Фариза Шолтай (81 кг) қола медальдардың иегерлері атанды. Ал Жазира Орақбаева (52 кг) мен Владислава Кухтя (60 кг) ширек финалда жарыс жолынан шығып қалды.
Тағы бір айта кететін жайт, осы жолы Ресей құрамасы сапында өнер көрсеткен қазақ қызы Салтанат Мәденова 81 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Ол – Омбы қаласының тұрғыны, Еуропаның 2021 жылғы жастар арасындағы (U22) чемпионатының қола жүлдегері, Ресейдің 2021 жылғы чемпионы.
Еске сала кетейік, Маррекеште Қазақстанның әйелдер арасындағы бірінші құрамасы өнер көрсетті. Мұның алдында республиканың әйелдер арасындағы екінші құрамасы Мажарстанның Дебрецен қаласында өткен Иштван Бачкаи атындағы халықаралық турнирге қатысып, командалық есепте үшінші орынды жеңіп алған еді. Сол турнирде республикамыздың ерлер құрамасы топ бастады.
Тағы бір айта кететін жайт, таяу арада Болгарияның Варна қаласында атақты «Странджа» халықаралық турнирі басталғалы тұр. Оған Қазақстан құрамасы Ернұр Қайрат (48 кг), Кенже Мұратұлы (51 кг), Бекзат Алдамжаров (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Ерасыл Таңқай (60 кг), Ертуған Зейнулинов (63,5 кг), Темірхан Тезек (67 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Бекзат Нұрдәулетов (80 кг), Бекзат Таңатар (86 кг), Абзал Құттыбеков (92 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) құрамында қатысады. Команданы турнирге құраманың бас жаттықтырушылығы тізгінін жақында қайта қолға алған әлемге әйгілі бокс маманы Мырзағали Айтжанов бастап барады.
Суретте: бокстан Ресей құрамасының мүшесі, омбылық қазақ қызы Салтанат Серікқызы Мәденова