Түркия Украинаға танктер беретіндер қатарына қосылуы мүмкін
МӘСКЕУ. 28 қаңтар. Батыс елдерінің Украинаға бронетехника беру үшін құрған танк коалициясына Түркия да қосылып кетудің қарсаңында тұр. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
Бұған дейін Киевті өзінің дрондарымен және қалқымалы электр станцияларымен қамтамасыз етіп келген Анкара енді танк жинастырып беруге кіріскен өзімен одақтас НАТО елдері сапынан да көрінуден қашпайтын сияқты.
«Қазір немістің Leopard танкілері бар елдердің бәрі дерлік «донор коалициясын» құрып, украин армиясын қазіргі заманғы танк қаруымен жабдықтауға жұмылып жатыр», – деп жазды Польша ұлттық қорғаныс министрі Мариуш Блащак.
Ол Twitter-ге сондай-ақ Украинаға танк беретін Испания, Канада, Польша және Норвегия елдері туының қатарына бұрын бұл жөнінде ештеңе айта қоймаған Түркияның да жалауын да салып қойыпты.
Блащак аталмыш коалицияның өз инициативасымен құрылғанын атап өтті. Поляк мемлекеті осы кезге дейін кеңестің Т-72 танкісінің 250 данасын беріп қойды, енді кемінде 14 «Leopard 2» танкілерін жөнелткелі отыр.
«Украина жалпы саны 321 танк алады», – деп баяндады BFMTV телеарнасына берген сұхбатында Украинаның Франциядағы елшісі Вадим Омельченко.
Өткен аптада Германия өзге елдердің Украинаға жіберуіне келісімін берген Leopard-тан бөлек, британдық Challenger мен америкалық Abrams танкілерінің де жөнелтілетіні белгілі болып қалды.
«Танк коалициясына 12 ел кірді», – деп мәлімдеді 26 қаңтарда Украина президенті Володимир Зеленьский. Ол Ресей «террорына қарсы тұрғандардың» және «қажетті қорғаныс құралдарын жеткізуді жылдамдатқандардың бәріне» өзінің риза екенін білдірді.
Осы саптан ойып орын алатын Нидерланд Киевке 18 дана, Норвегия 8 бірлік «Leopard» беретін болды. El Mundo газетінің мәліметі бойынша, Испания бәрінен де асып түскелі тұрған сияқты, ол 53 осындай машина беруді қарастырып отыр. Португалия өзінің арсеналында бар 37 «Leopard 2» танкісінің 4-ін бермек. Сол сияқты Финляндия, Франция және Дания осы мәселені таяу күндерде нақты шешіп алады. Ал Британия өзінің «Challenger-2» танкілерінің 14-ін, сондай-ақ жүздеген бронды машиналар мен «Бульдог» деген ат алып кеткен FV-432 бронетранспортерін беруге ұйғарым жасап қойды. АҚШ бірнеше ай көлемінде 31 «Abrams» танкісін жөнелтіп отырады.
Қару-жарақтың бұл жаңа пакеті Украинаға соғыс тактикасын өзгертіп, көктемгі-жазғы ұрыс қимылдарында айтарлықтай басымдық беруге тиіс.