Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

ӘЧ-2022: Плей-офф кезеңі аяқталды. Алда – ширек финал

ДОХА. 7 желтоқсан. Катарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатында бүгінге қараған түні топтардан ширек финалға шыққан соңғы жұптың құрамалары анықталды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Мұның кеше кешке ойналған бірінші матч нағыз сенсациялық нәтижемен аяқталды. «Е» тобынан екінші болып шыққан Испания құрамасы «F» тобында топ бастаған Марокко жамағатымен шайқаста жеңіліп қалды. Айтатыны жоқ, бұл матча испандар барынша қауқарсыз ойын көрсетті. Жасыратыны жоқ, «Қызыл фурия» жігіттері алаңға бір-біріне ерсілі-қарсылы доп беріп жылжып жүру үшін ғана шыққандай әсер қалдырды. Сондықтан марокколықтардың тас қамал қорғаныс шебін бұзып өте алмады. Ал қарсыластары оларға қарағанда, анағұрлым жинақы көрінді. Шын мәнінде екі қақпаға да аса бір қауіп төне қойған жоқ. Мұның соңы – негізгі уақыт та, овер-тайм да есеп ашылмаған күйі аяқталды. Ал ойыннан кейінгі пенальти сериясында испандар бірде-бір доп сала алмады. Есесіне, бір рет қана мүлт кетіп, үш рет дарбазаны дәл көздеген Африка футболшылары ерледі – 3:0! Осылай Марокко құрамасы өзінің тарихында бірінші рет ширек финалға қадам басты. Ал Испания құрамасы осымен қатарынан екінші әлем чемпионатында ширек финалға жете алмай тоқтап қалып отыр.

Бұдан кейін Португалия құрамасы Швейцарияны 6:1 етіп талқандап жеңді. Мұны сенсация демесек те, ешкім күтпеген нәтиже болғаны анық еді. Осы матчта Роналду Криштианудың шебінде алаңға шыққан Гонсалу Рамеш үш гол соғып, бұл мундиальдағы алғашқы хет-трикті тіркеді.

Айтқандай, бұл екі құрама 2022 жылы Ұлттар лигасында екі рет ұшырасқан болатын. Олардың Лиссабонда өткен бірінші матчында алаң иелері 4:0 есебімен жеңсе, Женевада ойналған қарымта кездесуі 1:1 болып аяқталды.

Чемпионаттың 17-ші күні, сөйтіп, 1/8 финалдық кезең өзінің мәресіне жетті.

Енді ширек финалдық кездесулер 9-11 желтоқсан күндері ойналады.

9 желтоқсан. 21:00.  Хорватия – Бразилия.

10 желтоқсан. 01:00.  Нидерланд – Аргентина

21:00.  Марокко – Португалия

11 желтоқсан. 01:00.  Франция – Англия

Жартылай финалдық матчтар 14 және 15 желтоқсан күндері сағат 01:00-де басталады.

Суретте: Марокко құрамасының ойыншылары жеңістен кейін

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button