Қарағандыда екі автобус соқтығысып, бірінің жүргізушісі қаза тапты
ҚАРАҒАНДЫ. 25 қараша. Қарағанды қаласында бүгін таңертең екі автобус көпір үстінде қатты соқтығысып қалып, олардың бірінің айдаушысы мерт болды. Бұл туралы Karaganda.kz хабарлады.
«Бүгін, 25 қарашада ДСК көпірінде айтарлықтай залалды апат орын алды. Қала маршрутындағы №41 және №146 автобустар бір-бірімен соқтығысып қалды», – делінген хабарламада.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан №41 маршруттағы автобустың жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды, 15-ке жуық жолаушы мен №146 маршрутты автобустың айдаушысы медициналық мекемеге жеткізілді. Инцидент орын алған кезде №41 автобус бос болған», – деп баяндады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы.
Сайттың хабарлауынша, қарағандылық Денис Рязанов апат болған сәтте осы көпірдің үстінде болған екен. Куәгер оның қалай болғанын айтып берді.
«Мен ДСК көпіріне көлікпен келгенімде, онда кептеліс орын алып жатыр екен. Байқап қарағанда, апат сол кезде болып қалғаны аңғарылады. Менің апаттың өзін көрген жоқпын, бірақ соның алдында ғана болғаны білінеді. Машиналарды айналып өттім. Оң жаққа, көпірдің астына барып тоқтадым. Бәріне қарадым. Автолустардың бірінің жүргізушісі қатты қысылып қалыпты. Көліктер бір-бірлеріне кіріп кеткен. Әлгі жүргізуші қатты айқайлады. Сосын мен көпірдің үстіне көтерілдім, сол кезде шыңғыру басылды. Бірақ ыңырсып жатты. Жұрт автобусқа жақындап, оған көмектескісі келді. Бірақ құрал-жабдықсыз бұл мүмкін емес еді», – деді ол.
Аталмыш факт бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар белгіленді. Қазіргі таңда болған оқиғаның сипаты анықталып жатыр.
Қаладағы №3 автопарктің директоры Артур Григорян қаза тапқан жүргізуші жайлы айтып берді. Ол 66 жастағы Валерий Волков екен. Автопаркте 16 жылдан бері еңбек етіп келген. Оның артында әйелі, ер жеткен балалары мен немерелері қалған.