Рахмон – Путинге: Орталық Азияға өктемдік еткенді қойыңыз (видео)
АСТАНА. 14 қазан. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ресейлік әріптесі Владимир Путинге Астана саммиті кезінде Орталық Азия елдеріне бұрынғы КСРО-дағыдай өктемдікпен қарамауды сұрады. Бұл туралы AsiaPlus хабарлады.
«Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Астанада РФ президенті Владимир Путиннің жеке өзіне қарата сөйлеп, Орталық Азия елдерімен бұрынғы Кеңес Одағының кезіндегідей қарым-қатынастағы саясат жүргізбеуді өтінді», – делінген хабарламада.
Тәжікстан барлық уақытта РФ-ның мүдделерін өзінің басты стратегиялық әріптесі ретінде құрметтеді, деді Эмомали Рахмон Астанада өткен «Орталық Азия – Ресей» саммитінде сөйлеген сөзінде.
«Сіз бен біз Кеңес Одағы ыдырауының куәсі болдық. Дәл қазіргі сияқты біз кіші республикаларға, аз халықтарға назар аударылмағанына да куә болдық. Дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар ескерілмеді. Дамуға қолдау көрсетілмеді. Кеше сіз Тәжікстаннан РФ-ға барған екі миллион мигранттар туралы айтып қалдыңыз, мен біздің екі миллионнан астам азаматымыздың РФ-ға тек табыс табу үшін ғана емес, сонымен бірге онда тағы оқып, ем алатындарын да айтқым келеді», – деді Эмомали Рахмон.
Оның айтуынша, Ресей Орталық Азиямен азық-түлік ынтымақтастығын жүргізіп, тауар айналымын дамытып келеді, алайда, ешқашан тепе-теңдік қатынас танытпайды, бұдан тек Ресей ғана ұтады.
«Неге Тәжікстандағы бейшара бір форумға тым құрығанда министрдің деңгейіндегі адам келсін деп біздің жалбарынғанымызға, менің сыртқы істер министрлігіне тапсырма бергеніме, тіпті сізбен сөйлескеніме қарамастан, өтінішіміз орындалмайды? Жоқ, бізге келетіндер министрлер орынбасарлары деңгейінен аспайды. Міне, Тәжікстанның стратегиялық әріптес болып тұрғандағы қол жеткізгені осы. Әлде біз де солай етіп жүрміз бе? Рас, біз 100-200 миллион емеспіз. Бірақ біз өзімізді сыйлағанды қалаймыз. Біз қай жерде тәртіп бұзып қойыппыз? Қай жерде дұрыс амандаспадық?
Біз қашаннан өзіміздің басты стратегиялық әріптесіміздің мүдделерін (Ресей Федерациясы тұрғысында – ред.) құрметтейміз. Біз өзімізді де солай құрметтесе дейміз. Біз не, жатжерлікпіз бе? Бізге көп ақша тықпалап қажеті жоқ. Владимир Владимирович, сізге өтініш, Орталық Азия елдеріне көзқараста бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегідей саясат болмасын», – деді Эмомали Рахмон.
Әрбір елдің өз проблемалары, мәселелері, дәстүрлері мен салттары бар, деп атап өтті Тәжікстан президенті. Ол Орталық Азия елдері мен Ресейдің көрші екендіктеріне, олардың бір-бірлерінен ешқайда кетіп қала алмайтындарына назар аударды.