Қызылордада ақбөкен атқандар қолға түсті
ҚЫЗЫЛОРДА. 18 қаңтар. Қызылорда облысында ақбөкен атып, полиция қызметкерлерінен бой тасалап кетуге әрекет жасаған «Охотзоопром» ӨБ РМҚК 2 қызметкері мен көлік жүргізушісі қолға түсті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Қолға түскендер көлігінің жүк салғышынан ақбөкеннің еті табылды.
Оқиға Қармақшы ауданы аумағындағы «Тышқантам» деген жерде болған. Полиция қызметкерлері сол маңайда «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу кезінде осы жайтқа кезіккен. Олардың назарын «Ланд Крузер ЛХ76» маркалы қызметтік автокөлігі аударған. Машинаны тексерген кезде артқы бамперде қан іздері байқалады. Полиция қызметкерлері жүргізушіден жүк салғышты ашуды талап еткен. Сол сәтте автокөлік жүргізушісі мен «Охотзоопром» ӨБ РМҚК 2 қызметкері полицей талабына бағынудан бас тартқан. Осылайша оқиға орнынан бой тасалаған. Полиция қызметкерлері олардың артынан жүре отырып, «Охотзоопром» тұрағында қолға түсірді.
«Автокөлікті тексеру барысында салонынан 1 дана тегіс ұңғылы қару, пышақ және прожектор табылды. Олар заттай дәлелдеме ретінде алынды. Ал автокөліктің артқы жүк салғышынан бір ақбөкенге ұқсас жануардың тұтастай еті табылды. Ұсталғандардың бірі уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Ал қалғанына бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешілуде. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 2-бөлігінің 2,4-тармақтары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.