Біріншінің «қолбаласы» Өтемұратов мемлекеттен 126,8 млрд теңге алған
АСТАНА. 26 маусым. Кезінде «Назарбаевтың әмияны» атанған Болат Өтемұратовтың алтын өндіретін кен орны үшін мемлекеттен 126,8 млрд теңге несие алғаны белгілі болды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Болат Өтемұратов елімізде ең бай адамдардың бірінен саналады. Бірақ мемлекеттің қаржысы, мемлекеттің нысаны есебінен есепсіз байыған оны «олигарх» деп атауға болмайды. Себебі, оның байлығын түгел өзі тапқан таза байлыққа жатқыза алмайсың. Қолдан жасалған байлар олигарх емес.
Dalanews.kz сайтының жазуынша, Назарбаевтың үрім-бұтағы мен айналасында жүрген нөкерлерінің бұл елде айналыспаған бизнесі, араласпаған саласы қалған жоқ. Бәрі шетінен әмбебап-универсиал болды. Солардың маңдайалдыларының бірі болып саналған, біріншінің «қолбаласы» есепті болған Болат Өтемұратов көптеген тірліктерімен бірге алтын өндіретін RG Gold және RG Processing компанияларының активтеріне иелік еткен.
Өзінің қожайынына арқа сүйеген Өтемұратов осы алтын өндіру бизнесін өрістету үшін Қазақстан даму банкінен Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2010-2014 жылдары және 2015-2019 жылдары жалпы 126,8 млрд теңге несие алған болып шықты.
«Алтын өндірісі еліміздегі ең табысты салалардың бірі десек артық айтқандық болмас. Бірақ сол жылдары Қазақстан даму банкі көптеген мәселелерді аттап өтіп, олигархтың алтын өндірісін қолдауға қомақты несие бөлгенін түсініксіз. Осыдан кейін Қазақстан даму банкі Назарбаев отбасына жақын адамдардың әмиянына айналып кетті деген әңгімені түсінуге болады», – деп атап көрсетті «Адырна» сайты.
Shishkin_like каналы RG Gold, RG Processing компаниялары Назарбаев отбасына жақын жүретін Болат Өтемұратовқа тиесілі екенін жазыпты. Бөкең мемлекеттің қолдауы үшін бөлінген қомақты қаржыны сол кезде «Темірбанк» (қазіргі «ForteBank») арқылы қуып келген ғой.
2022 жылдағы мамыр айындағы жағдай бойынша 64 жастағы Болат Өтемұратов 2,8 млрд доллар байлығымен еліміздегі бай адамдардың тізімінде алтыншы орынға жайғасқан.
ForteBank-тің 89,35%-ы (банктың капиталы 277,7 млрд теңгені құраса, жалпы активі 2,42 трлн теңгеге жеткен), бұдан басқа «КаР-Тел» ЖШС-ның 25%-ы, «Sky Mobile» компаниясының 49,9%-ы Бөкеңнің игілігінде екенін айта кетуіміз керек.