Композитор Шәмші Қалдаяқовқа Еңбек Ері атағы берілді (видео)
АСТАНА. 15 маусым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм композитор Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Бұл туралы ras.kz хабарлады.
Ақорда сайтында бүгін жарияланған Президент қаулысында «Қазақ халқының музыка өнерін дамытудағы айрықша еңбегі үшін композитор Шәмші Қалдаяқовқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын (марқұм)», – деп атап көрсетілген.
Шәмші (Жәмшид) Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан (қазіргі – Түркістан) облысының Шәуілдір ауылында туған. Ол өзінің шығармашылық жолында өте көп ән қалдырды, олардың 55-і қазір халыққа кең танымал. Бұлардың арасында «Қаракөз», «Қыз сағынышы», «Ақсұңқарым», «Ақмаңдайлым», «Бәрінен де сен сұлу», «Менің Қазақстаным», «Ана туралы жыр» («Анама»), «Сыр сұлуы», «Арыс жағасында», «Қуаныш вальсі», «Бақыт құшағында», «Қайдасың», «Құшақ жайған қандай адам», «Қайықта», «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Ақ бантик», «Әнім сен едің», «Кешікпей келем деп ең», «Сағынышым менің», «Мойынқұмда – ауылым», «Тамды аруы», «Теріскей», «Арайлым – ақ Келес», «Отырардағы той», «Фосфорлы Жамбыл», «Көгілдір Көкше», «Арқалықтың ақ таңы» секілді белгілі әндер бар.
Шәмші Қалдаяқов 1991 жылы желтоқсан айында «Қазақстанның халық әртісі» атағын алды. Ал 1992 жылы 26 ақпанда қайтыс болды.
Композитордың ең танымал туындаларының қатарында «Ана туралы жырдың» орны бөлек.
Бұл әнді туысқан татар халқы өздерінің төл сазындай көреді.
Әйгілі композиторға осындай жоғары атақ беру жөнінде ұсыныстар биыл әлеуметтік желіде көп жазылды.