Украина әскерлері екі бағытта қарсы шабуылға шықты
КИЕВ. 5 мамыр. Украина Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Валерий Залужный Украина қорғаныс күштерінің екі бағытта қарсы шабуылға шыққанын мәлімдеді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Атап айтқанда, украин әскери бөлімшелері бүгін Харьков және Изюм бағыттарында Ресей оккупанттарына қарсы шабуылға көтерілген.
Бас қолбасшы бұл жайлы АҚШ штабтары бастығы біріккен комитетінің төрағасы, генерал Марк Миллимен сөйлесуі барысында айтып өтті.
Залужный әдеттегідей америкалық әріптесін майдан даласында болып жатқан оқиғалар мен деректерден хабардар етті. Ол дұшпанның негізгі күшті Луганск бағытына аударғанын, қазір Попасная, Кременная және Торский аудандарында кескілескен ұрыс қимылдары жүріп жатқанын, сондай-ақ Украина қорғаныс күштерінің Харьков және Изюм бағыттарында қарсы шабуылға көшірілгенін баяндап берді.
Бас қолбасшы сонымен бірге Ресей агрессорларының қанатты ракеталарды қолдануды қайта қолға алғанына назар аударды. Жаудың мұндағы мақсаты Украинаға әскери-техникалық көмек келетін логистикалық жолдарды қирату болып отыр. Сондықтан қазіргі таңда Украинаға залпты отты M142 HIMARS және М270 MLRS ракета жүйелерін тездетіп жеткізіп беру мәселесі өте өзекті болып тұр.
Осы аралықта Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков НАТО тарапынан украин Қарулы күштеріне беріліп отырған барлау мәліметтері мен қару-жарақ жөніндегі көмектердің РФ-ның «арнайы операцияны» тұтастай алғанда сәтті өткізуіне кедергі келтіре алмайтынын атап өтті.
Ал Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресейдің екі-үш күнде аяқталады деп болжаған «арнайы операциясының» шамадан тыс созылып кеткенін «БелТА» мен «Associated Press» агенттіктеріне берген сұхбатында айтып қалды.
Суретте: Валерий Залужный.