Жапон жиһанкезі Маңғыстауда жаяу жүр
Жол бойынша жалғыз өзі арба итеріп кетіп бара жатқан жапонның жиһанкез жігітін көргендер бейнежазбаға түсіріп алған. Бұл туралы аймақтық Lada.kz басылымы хабарлады.
Жергілікті тұрғындар арба сүйреп бара жатқан шетелдік азаматы әлеуметтік желіден көрді. Оларды жас жігіттің төзімділігі мен табандылығы қатты таңғалдырыпты. Мынадай ыстықта, оған қоса, арба итеріп, бейтаныс жерде жолға шығуға ешкімнің дәті бара қоймайтын шығар.
Турист Риюозо Ямагамидің өзінің айтуынша, ол Бакуге бармақшы болып келе жатыр екен. Бұл үшін алдымен жаяу Ақтауға жетіп алмақшы, сосын сол жерден ары қарай Хазар теңізінің үстімен жүретін паромға отырып, Әзербайжан байтағына сапар шекпекші.
Ямагами өзімен бірге тек арба ғана алып шыққан екен. Оның үстіне ыдыс-аяқтары, киім-кешектерін, жататын қапшығы мен тағамдарын салып алған. Ол сонымен бірге жүрген жерлерін түсіріп алу үшін фотоаппарат ала шығыпты.
Жиһанкезді жолай жол үстінде кезіктірген жүргізушілер оған су мен азық-түлік беріп, біраз көмектесіпті.
«Ол аш екен. Біздің тамақ бергенімізді көргенде қуанды. Ол тек ағылшынша сөйлей алады, орысша «спасибодан» басқа сөз білмейді», – дейді көргендер.
Маңғыстау жүргізушілері тұрғындарды жапон турисіне мүмкіндігінше жәрдем беруге шақырады.