Лукашенко: Түрікменстан 15 жылда Ресей одағы құрамында болады
МИНСК. 9 ақпан. Беларусь президенті Александр Лукашенко ресейлік журналист Владимир Соловьевке берген сұхбатында Түрікменстанның 15 жылдан кейін Ресей мен Беларусь одағы құрамында болатынын мәлімдеді. Бұл туралы turkmen.news хабарлады.
Сұхбат 6 ақпан күні жүргізілді.
«Сіз мерзімін сұрап отырсаңыз, – егер біз қателік жібермесек, 15 жылда Украина сонда болады. Өздерінің экономикалық қажеттіліктеріне орай Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдері қосылады», – деді Лукашенко одақтық мемлекет туралы сұраққа жауап бере келіп.
Беларусь лидері сондай-ақ жақында ғана орын алған тәртіпсіздіктерден «жақсы сабақ» алған Қазақстанның да одаққа қосылуы мүмкін екенін атап көрсетті.
Еске сала кетейік, «Беларусь пен Ресей қауымдастығын құру туралы келісімшарт» 1996 жылы қабылданған болатын. 1997 жылы «Беларусь пен Ресей Одағы туралы келісімшарт» пайда болды, ал арада тағы бір жыл өткеннен кейін «Одақтың мемлекет құру туралы келісімшарт» (оны екі елдің парламенттері 2000 жылы ратификациялады) өмірге келді.
Бұл формалды түрде мемлекеттердің үстерінде тұрған құрылым болып саналады.