Алматыда оққа ұшқан таксишінің анасы: «Менің ұлым лаңкес емес»
ШЫМКЕНТ. 24 қаңтар. Шымкент қаласының Жазира есімді тұрғыны Алматыда таксиші болып жүріп оққа ұшқан ұлының лаңкес емес екенін айтып, қазақстандықтарға үндеу арнады. Бұл туралы Politic хабарлады.
Әйелдің айтуына қарағанда, Алматыда «Яндексте» таксиші болып жүрген ұлын 5 қаңтар күні атып тастаған. Содан кейін Шымкентте жерленген. Алайда, қазір жергілікті тергеушілер марқұмның мәйітін қабірден қазып алып, эксгумация жасамақ көрінеді.
«Менің атым – Жазира. Шымкенттің тұрғыымын. Мен бұл видеоны Алматыда 5 қаңтарда болған оқиғаларға байланысты түсірдім. Менің 1999 жылы туған ұлым Аңсар машинасының майын ауыстырмақшы болып, сағат 4 пен 5-тің арасында көлігімен үйден шығады. Сол уақытта оны атып өлтіреді. Оған екі оқ тиеді. 6 қаңтарда біз оның мүрдесін мәйітханадан алып кеттік, бізге оның қазасы туралы куәлік берді. 7 қаңтарда біз оны Шымкентке әкеліп жерледік. 17 қаңтардан тергеушілер біздің мазамызды ала бастады. 19 қаңтарда олар бейітке келіп, менің ұлым жатқан жерді суретке түсіріп алды. 21 қаңтарда олар байланысқа шығып, жаңа тергеу жүретінін, сараптама жасалатынын айтты. Олар денені эксгумация жасайтындарын жеткізді. Мен бұған қарсымын. Менің ұлым лаңкес емес. Ол Алматыда «Яндекс-такси» айдап жүрген. Менің адвокат жалдауға мүмкіндігім жоқ. Өзім мүгедек баламмен бірге пәтер жалдап тұрамын. Мен мұны жұрттың бәріне арнап отырмын, мені назардан тыс қалдырмаңыздар. Маған көмектесіңіздер», – деді әйел YouTube-тағы «Бәсе» арнасында жарияланған видеоарнауында.