Белград: Кешкі сессияда 3 боксшымыз да жеңді
БЕЛГРАД. 2 қараша. Сербия астанасы – Белградта өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында бүгін қарашаның 1-нен 2-сіне қараған түні біздің тағы 3 спортшымыз жеңіске жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Кешкі сессияда 1/8 финалдық айқастар жалғасты. Бізден бірінші болып 51 кг салмақтағы Сәкен Бибосынов шайқасқа шықты. Ол үндістандық Дипакпен ұрысын өте жақсы өткізді. Бірінші раундта анық басым болды, екінші раундта тең тартыс орын алды, ал соңында біздің оғлан тағы да түледі. Қорытынды есеп – 5:0!
Бұдан кейін 63,5 кг салмақтағы Санатәлі Төлтаев украин Денис Песоцкиймен ұрыс салды. Бірінші раундта біздің оғлан айқын басым болды – 5:0. Екінші раунда та ұтты – 3:2. Ал соңғысына бет қаратпады. Жалпы есеп – 5:0!
Соңынан 80 кг салмақтағы Нұрбек Оралбайға кезек келді. Ол венгер Пал Ковачпен шайқасты. Айқас бастан-аяқ қазақстандық шебердің басымдылығымен өтті. Сондықтан оған қорытындыда 4 төреші – 30:26, 1 төреші 30:27 деген балл берді.
Еске сала кетейік, бүгінгі күндізгі сессияда 57 кг салмақтағы Серік Теміржанов үндістандық Рохит Морды, 67 кг салмақтағы Абылайхан Жүсіпов поляк Дамиан Дуркачты, 75 кг салмақтағы Нұрқанат Райыс Ауғанстан өкілі Сулиман Асламинді ұтып, ширек финалға қадам басқан болатын. Сөйтіп, бүгін түскен 6 боксшымыз да жеңіске жетті.
Сонымен, Қазақстан құрамасы сапынанТеміртас Жүсіпов (48), Сабырхан Махмуд (54), Саматәлі Төлтаев (60), Асланбек Шымбергенов (71), Серік Теміржанов (57), Абылайхан Жүсіпов (67), Нұрқанат Райысов (75), Сәкен Бибосынов (51), Санатәлі Төлтаев (63,5), Нұрбек Оралбай (80) сынды 10 боксшымыз ширек финалға шықты.
Ал жарыс жолынан шығып қалғандар қатарында алғашқы жұдырықтасудан аса алмаған Бек Нұрмағанбетов (86 кг), Нұрлан Сапарбаев (+92 кг) және екінші жекпе-жегінде ұтылыс тапқан Айбек Оралбай (92 кг) бар.