Белград: Күндізгі сессияда 3 боксшымыз да жеңді
БЕЛГРАД. 1 қараша. Белградта өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында бүгін күндізгі сессияда қазақстандық 3 спортшы 1/8 финалда шайқасты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Алғашқы болып 57 кг салмақтағы Серік Теміржанов үндістандық Рохит Мормен шайқасып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Негізі, қай жекпе-жекте де біздің жігіттерді көре алмайтын бір рефери шығып тұр. Бұл жолы ол Кореядан шықты. Серіктің барлық раундта айқын басым болғанына қарамастан, сол ылғи оның қарсыласын көтермелеп қойып отырды. Тек мұндай қысастықтар ширек финал мен жартылай финалда, одан әрі финалда кездеспесе екен дейміз.
Бұдан кейін 67 кг салмақтағы Абылайхан Жүсіпов поляк Дамиан Дуркачпен кездесті. Біздің команда капитаны қарсыласына ешқандай үміт қалдырмады, барлық раундта талассыз жеңді. Қорытынды есеп – 5:0!
Ең соңынан шыққан 75 кг салмақтағы Нұрқанат Райыстың Ауғанстан өкілі Сулиман Асламиннен басымдылығы бұдан да айқын көрінді. Ол қарсыласын бір рет нокдаунға жіберді. Ал қорытынды есепте 5:0 етіп жеңгенде де, бұған керемет басымдықпен жетті. Оған төрешілер қойған баллдар арасында 30:25, 30:26, 30:27 деген есептер де кездесті.
Сөйтіп, 7 боксшымыз ширек финалға шықты.
Бүгін тағы 3 саңлағымыз рингке көтеріледі. Кешкі сессияда Сәкен Бибосынов (51) үндістандық Дипакпен, Санатәлі Төлтаев (63,5) украин Денис Песоцкиймен, ал Нұрбек Оралбай (80) венгер Пал Ковачпен бақ сынасады.
Сонымен, Қазақстан құрамасы сапынан үш боксшы жарыс жолынан шығып қалып отыр. Олар: Бек Нұрмағанбетов (86 кг), Нұрлан Сапарбаев (+92 кг) және Айбек Оралбай (92 кг).