Арал біржола құрғап кетудің сәл ғана алдында тұр
Құрметті Арал өңірі жұрты, тұрандықтар! Барша Қазақ елі!
2021 жылғы 29 қыркүйекте «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген тақырыпта «Байтақ-Тұран» IV халықаралық экологиялық конгресі болып өтті.
Осы жылдың маусым айында Арал қаласында «Аттандап» атты I Арал құрылтайын өткіздік.
Соның екеуінде де біраз сөз қозғадық, қаншама ой толғадық. Талай шараны қолға алдық. Тоқтамадық, жалғастырдық, әлі де жалғастыра береміз. Алайда, Аралға келер су таппадық. Президент Қ.К.Тоқаевтың «Көкаралды бекіту керек» деген 2019 сөзі, Үкіметтің «САРАТС-2»-ні 2021 жылы наурызда бастаймыз», деген жазба жауабы бос сөз болып қалды. Кіші Аралды сақтайтын судың жалғыз көзі – Сырдарияда су жоқ. Көктемде суы сирақтан аспай, сыздықтап қана ағып жатқан дария, күзде де сол күйде.
Өлке басшыларының бұрма салып, көл суарулары амалсыздың шаралары ғана. Таудай сөзімізден тамшы су тамып жатқаны шамалы. Бет бұрып отырған билік жоқ. Бұл биліктің ырымы жаман. «Аралды құтқару қоры» деп, жиналған қаржыны құлқындарының құрдымына жіберіп жатқан жайы бар. Өзбек билігі де сол, басқасы да сол. Шерхан Мұртазаша айтсақ, «Қазанда қақпақ, итте ұят жоқ»!
Солтүстік Аралдың мұндай күйге түскеніне сөзсіз Қазақстан билігі кінәлі! Соған көніп, үнсіз жатқан біз өзіміз кінәліміз. Арал Анамыздан, қасиетті Көк теңізден айырылу алдында тұрмыз!
Ерте Тұранның, ақ ғұн (эфталит) – Кердерінің, бергі Хорезмнің, Шыңғысхан мен Алтын Орданың Көк теңізін құрғаттық, жоғалттық. Бабалар рухын риза етпедік. Қазақ болып қайыр қылмадық.
Көзіміз осыған жетті. Сондықтан, «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі тағы бір талпыныс жасап көрмек.
Әлем назарын аударар тағы бір шара жасасақ, биліктің құлқыны қысылып, беті бері бұрылар ма екен, Аралға шындап назар аудара ма екен, дейміз.
Ағайын! 2022 жылдың 15 мамырында Арал қаласында «Аралға су келе ме?» атты «Дүниежүзілік экологиялық акция» өткіземіз.
Сол күнге дейін осы тақырыпта БҰҰ, АҚШ, Германия, Ресей, Түркия, Мажарстан т.б. елдерге экспедициялар жөнелтіледі, барлық елдерде митингілер, пикеттер жиындар, семинарлар т.б. акциялар өткізіледі.
Тек бір ғана сұрақ, бір ғана тақырып. Ол: «Аралға су келе ме?».
Осы шараны бірге өткізейік, ой көмек, қол көмек, сөз көмек, жол көмек аямаңыздар. Шет елдерде тұратын таныс-білістеріңіз болса жеткізсеңіздер екен. Германияда қазақ-немістеріміз, Кореяда қазақ-корейлеріміз, Ресейде қазақ-орыстарымыз, Кавказда қазақ-шешендеріміз, аварлар мен құмықтарымыз, Польша мен Украинада қазақ ағайындарымыз бар екені белгілі. Баршасын экологиялық акцияға қатысуға шақырамыз.
Құрметпен, «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі
10.10. 2021 ж