Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

«Шериф» Мадридтің «Реалын» қонақта ұтып, сансация жасады

МАДРИД. 29 қыркүйек. Кеше түнде Мадридтің «Реал» командасы футболдан Еуропа Чемпиондар лигасы топтық ойынының екінші турында Тираспольдің «Шерифін» қабылдап, күтпеген жерден 1:2 есебімен ұтылып қалды. Бұл туралы moldfootball.com хабарлады.

Атақты «Сантьяго Бернабеу» стадионында өткен бұл матчта алаң иелерінің фаворит саналғаны анық. Оны командалардың ойын барысындағы шабуылдары мен қақпаға доп ұру көрсеткіштері де нақты байқатып берді. Сөз жоқ, ұшырасу реалдықтардың айқын басымдығымен өтті. Олар қарсыластары қақпасына қарай 31 соққы жасаса, оның 12-сі тура тебілді. Ал меймандар бар болғаны үш-төрт соққы беріп, олардың екеуін голға айналдыра білді.

Есепті 37-минутта күтпеген жерден молдовалықтар сапындағы өзбек хужимчиси, яғни шабуылшысы Жасурбек Яхшибоев ашты. Алаң иелері тек 65-минутта ғана Карим Бенземаның пенальтиден гол соғуымен таразы басын теңестіре алды. Ең соңғы сенсация 89-минутта жасалды. Қонақтар қапталдан допты қолмен ойынға қосты. Сол доп қақпа маңынан бір айналып қайтып, айып алаңының сыртында тұрған Себастьян Тильдің сол аяғына дөп келе қалды. Ал оны тоқтатпастан тепкен футболшы «тоғыздыққа» дәл түсірді. Алаң иелерінің дарбазашысы Тибо Куртуа бұған тосқауыл қоя алмай, ауа қармап қала берді.

Жалпы, Ла лига чемпионаты матчтарында да үнемі сенімді ойын көрсете қоймайтын, кейде өзінен деңгейіі көп төмен аутсайдерлердің өзіне күтпеген жерден ұпай таратып жүре беретін мадридтіктер бұл жолы да өзінің сол зарпында тұрғандығын айғақтап шықты. Олардың жеңісі үшін бәс тіккен талай букмекер осы күні оңбай ұтылған шығар…  Оларға мына кездесу «Реалдан» абай болу керек екенін, оның сенуге болмайтын команда екенін тағы да ұғындырып кетті.

Сенсация осылай өмірге келді.

«Шериф» мұның алдында өз алаңында Донецкінің «Шахтерін» 2:0 етіп ұтқан болатын. Ол да – сансация!

Матчтан кейін журналистерге сұхбат берген «Шерифтің» бас жаттықтырушысы Юрий Вернидуб: «Мен осындай матч өткізу мүмкіндігі берілгені үшін бақыттымын. Қуаныш деген асып-төгіліп жатыр, сол үшін жігіттеріме айтатын алғысым шексіз», – деді.

«Біз, әрине, қорғанып ойнауға тура келетінін білдік. Бірақ біз оны жақсы орындай алдық, қарсы шабуылға да керемет шығып отырдық. Ең соңында тағы бір гол соқтық. Мен өзімнің осындай жігіттерім болғаны үшін бақыттымын. Біз әзірге плей-оффқа шығу жөнінде ойланып жатқан жоқпыз. Біз дұрыс жолда келе жатырмыз, енді соны ұстанамыз. Біз тек алға жылжуды ғана мақсат тұтамыз»,, – деді ол сосын.

Екі турдан кейін 6 ұпай жинаған «Шериф» D тобында көш бастады. Екінші орында 3 ұпайы бар «Реал» тұр. Қалған екі команда – «Шахтер» мен «Интерде» бір-бір ұпайдан бар. Кеше олар Донецкіде бір-бірімен 0:0 есебімен тең ойнады.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button