Жаңақорған тұрғындары түнде жаппай төбелеске ат қосты
ЖАҢАҚОРҒАН. 16 маусым. Қызылорда облысының Жаңақорған кентінде кеше түнде жұртшылықтың жаппай төбелесі орын алды. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Түнгі ду-даңғазаның дақпырты мен дерегі артынша Instagram-да жарияланды.
Қызылорда облыстық полиция департаменті 15 маусым күні түнде Жаңақорған ауданының орталығында орын алған бейбастақ оқиғаның жай-жапсарын айтып берді.
«Белгісіз бір топ адам бір-біріне белгісіз тас лақтырып, жақын маңдағы автотұрақтағы көліктерді бүлдірді. Сонымен қатар, тұрақ маңындағы дүкенге материалдық залал келтірілген. Жедел іс-шаралар нәтижесінде күдікті аудан тұрғыны анықталып, полицияға жеткізілді», – деп мәлімдеді полициядағылар.
Осы оқиғаға байланысты аудандық полиция бөліміне 10 адам жеткізілді.
«Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дене жарақатын алғандар анықталған жоқ. Қазіргі таңда дерек бойынша ҚР ҚК-ның 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармақшасы, яғни «Бұзақылық» бойынша соталды тергеу басталды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр», – деді құзырлы ведомстводағылар.