Еуро-2020: Италия ілкі матчта Түркияны талқандап шықты
РИМ. 12 маусым. Түнде «мәңгі қаланың» Олимпиялық стадионында футболдан Еуро-2020 чемпионатының тұсаукесер матчында Италия құрамасы Түркияның бас командасын 3:0 етіп талқандап шықты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Еуро-2020 чемпионатының әр қалада өткізілуіне және ойындар кестесіне байланысты бұл ойында түріктер номиналды алаң иелері болып саналды. Бірақ іс жүзінде, әрине, кездесу Римде өткендіктен, итальяндар алаңның да, ойынның да нағыз қожайындары болып шыға келді.
Өкінішке орай, матчта аса бір тартыс бола қойған жоқ. Ойын басталғаннан итальяндар шабуыл ұйымдастыра бастады да, түріктер қорғаныстан басқа ештеңені керек етпеді. Кімнің алдында қандай мақсат тұрғаны әдепкіден анық байқалды. Итальяндардың гол соғатыны уақыттың еншісіндегі ғана нәрсе екені, оның болмай қоймайтыны көп күмән келтіртпеді. Осылайша бірінші тайм бітті. Дегенмен, нидерландтық арбитр Данни Маккели әділ төрешілік еткенде, кем дегенде бір рет түріктер қақпасына пенальти белгілеуі керек еді. Бірақ ол өзінің көрсоқырлығын танытып, бірнеше осындай жағдайдың бірде-бірінде онбірметрлік зарп тағайындай алмады. Алдын ала айта кетейік, мұндай ситуация екінші таймда да бірнеше рет кездесті.
Екінші тайм түрік Мерих Демиралдың өз қақпасына гол соғып алуымен басталды. Ол 53-минутта орын алды. Осылайша Еуропа чемпионаттары тарихында бірінші рет доп додасының алғашқы голы автоголдан соғылды. Бұдан кейін итальяндар тіпті арқаланып кетті. Соның нәтижесінде 66-минутта Чиро Иммобиле есепті ұлғайтты. Бір қызығы, арада тағы да тура 13 минут өткен соң, яғни 79-минутта Лоренцо Инсиньо таблодағы есепті талқандау дәрежесіне жеткізді – 3:0!
Айтқандай, петербургтік Ахиллес атты оракул мысықтың ишарасы тура келді – итальяндар ірі есеппен жеңіске жетті.
Бүгін Бакуде Уэльс – Швейцария, Копенгагенде Дания – Финляндия, Санкт-Петербургте Бельгия – Ресей құрамалары кездеседі.