Шойгудың қайтыс болуына байланысты Тывада аза жарияланды
АБАКАН. 11 маусым. Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Лариса Шойгудың қайтыс болуына байланысты оның туған жері – Тыва республикасында аза жарияланды. Бұл туралы «Лента.ру» хабарлады.
Лариса Кужугетовна Шойгу – Ресей Қорғаныс министрі Сергей Кужугетович Шойгудың тетелес туған әпкесі. Ол 1953 жылы Тывадағы Чадан қаласында туған. Мемлекеттік думаға «Единая Россия» партиясы атынан 2007 жылы сайланған. Тыва республикасының осындағы өкілі болып табылады.
Лариса Шойгудың қайтыс болғаны 10 маусым күні белгілі болды. Оны «Единая Россия» фракциясы басшысының орынбасары Лариса Карамазина хабарлап, марқұмның коронавирустан асқынған инсульттен жантәсілім еткенін жеткізді.
Тыва республикасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Ховалыганың жарлығымен республикада азалы күн жарияланды. Бүгін мұнда мемлекеттік жалаулар түсірілді, мәдениет мекемелерінде ойын-сауық шаралары өткізілмейді.
Түркі жұртының бір сынығы – тыва халқының өкілі Сергей Шойгу үш ағайынды болатын. Отбасындағы балалардың үлкені осы Лариса болса, Сергей одан екі жас кіші еді. Ал ата-анасының кенжелері – Ирина 1960 жылы туған.
Бір қызығы, Шойгу – бұлардың әкелерінің аты. Оның туғандағы аты-жөні – Кужугет Шойгу Серээ оглу. Бірақ паспорт алған кезінде сондағы қызметкер әйел қателесіп кетіп, құжатты «Шойгу Кужугет Серээ оглу» деп толтырып жіберген. Сөйтіп, кейін балаларының бәрі оның атын фамилия етіп алып, әкелерінің шын тегін әке есімі ретінде пайдаланатын болған.