Қазандағы қанды оқиғаның себебі белгілі болды
ҚАЗАН. 12 мамыр. Татарстан астанасы – Қазан қаласында кеше таңертең орын алған мектептегі қырғынды жасаушылардың неге мұндай зұлымдыққа барғандары белгілі болды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Қаланың Джаудат Файзи атындағы көшесінде орналасқан №175 гимназияға барып оқ атқан екі қаскөйдің бірі – 19 жастағы Ильназ Галявиевтің қырғын басталғаннан кейін көп ұзамай қолға түскенін жазғанбыз.
Еске сала кетейік, қанды оқиға 11 мамыр күні сағат 9:00 шамасында басталған. Мектепке келіп кірген екі жігіт дәлізде тұрып, оқушы балаларға қарай оқ жаудырған. Бір рет жарылыс та жасаған. Соның салдарынан 7 оқушы, 1 мұғалім қыз қаза тапқан, 16 бала жарақат алған.
Тергеушілер Ильназдың дем берушісі 41 жастағы Рамиль Мухаметшин деген біреу болғанын анықтады. Қазір ол да қамауға алынды.
Ильназ бұл қылмысқа алдын ала дайындалған. Ол қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын телерграм-арна ашып, онда өзін «Құдай» деп таныстырыпты. Арнадағы жазбаларында жас жігіт Жер бетіндегі жұрттың бәрін «биоқалдық» деп атап, оларды жаппай өлтіруге шақырған. Соның сыңайында өзінің алдағы жоспарын айтып, мүмкіндігінше көбірек адамды өлтіріп барып, өзін құрбандыққа жіберетінін жеткізген.
«Әлемде тіршілік иесі қалмауы тиіс, бұл – кеңістіктің қателігі», – деп жазыпты Галявиев.
Анықталғанындай, Ильназдың өзі бұдан 4 жыл алдын осы гимназияны бітіріпті. Содан кейін басқару университеті жанындағы колледжге түскен. Онда айтишник мамандығы бойынша білім ала бастаған, бірақ сәуір айында тапсырмаған сабақтары көп болуына байланысты оқудан шығарылған.
Бірге оқығандардың айтуларынша, жас жігіт қаңтар айынан бері сабаққа қатыспаған. Тіпті емтиханға да бармаған. Таныстары оның соңғы кездері әкесімен де ренжісіп жүргенін де айтады. Осыдан кейін олар бөлек тұра бастаған – Ринат басқа бір үйде жөндеу жүргізіп, сонда тұрып жатқан, ал Ильназ үйде қалған.
Сот-медицина сараптамасы содырды жан-жақты тексеруге кірісті. Бүгін белгілі болғаны – дәрігерлер оның миында қатерлі ісік бар екенін анықтады.
Тағы бір белгілі болған жайт, атыс кезінде қаза тапқан мұғалім қыздың аты-жөні Эльвира Игнатьева екен. Жасы 26-дағы қыз гимназияда ағылшын тілінен сабақ беріп келген. Қанды оқиға кезінде ол Ильназдың алдына тұрып, бір оқушы баланы қорғап қалған. Атылған оқ қыздың басына тиген. Осы жарақаттың слдарынан соңынан жантәсілім еткен. Ол демі үзілер алдында оқушыларымен қоштасқан. Мұғалімнің соңғы сөзі «Қош болыңдар, балалар» болыпты. Осыдан кейін содыр басқа балаларды атқан. Ал мұғалім қыздың денесі бүгін жер қойнына берілді.
Бүгін Татарстанда азалы күн жарияланды. Татарстан президенті Рустам Минниханов қайғылы оқиға кезінде зардап шеккен балалардың барлығының отбастарына жәрдем берілетінін мәлімдеді. Ал аталған мектепте вахтер болып істейтін әйелдің мемлекеттік марапатпен наградталатынын айтты. Ол содырлардың алдарынан шығып, бірінші қарсылық көрсеткен адам болыпты. Олар ішке енген бойда дабыл көтеріп, мектеп директорына хабар берген. Содан кейін директор ішкі желі арқылы барлық сыныптарға хабарласып, кабинеттерді іштен жауып алуды тапсырған. Соның арқасында құрбанықтар саны едәуір аз болған.
Бүгін Ильназ Галявиев күшейтілген күзетпен алғаш рет соттың алдына әкелінді. Журналистер оның өзін ұстамды ұстап тұрғанын көріп, жағаларын ұстап жатыр (төменгі суретте):