КИЕВ. 8 мамыр. Украин лидері Володимир Зеленський Ресей осы күндері соққы беретін болса, оған сол мезетінде дәлме-дәл жауап қайтарылатынын айтты. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина президентінің айтуынша, Ресей шындап келгенде атысты тоқтату мүмкіндігін байыпты қарастырып отырған жоқ.
«Сондықтан біз Ресейдің кез келген соққысына айнадай айналып, тап сондай қуат пен дәлдіктегі зарптармен жауап қайтарамыз. Мәскеудің әрбір әнтек әрекеті сол заматында өзінің мәнзілін табады. Оларға алыс қашықтықты зымырандар күшімен «санкция» қолданатын боламыз. Бізде әзірге ракеталарға деген қардарлық жоқ», – деді ол.
Ресейдің 8-9 мамыр күндері үшін жариялаған біржақты «бітімгершілігі» қарсаңында Украина президенті Володимир Зеленський осындай мәлімдеме жасады. Ол украин әскерилері Ресейдің соққыларына тура сондай қалыпта құлаш сілтейтіндерін тағы қайталап айтты.
Зеленський бұған қоса, «бітімгершілік» сұрап отырған басқыншы елдің кеше, 7 мамыр, бейсенбі күні ғана Украина жеріне 100-ге жуық дрондар аттандырып, ондаған әуе шабуылдарын жасағанын баяндады. Украин көшбасшысы бұл Ресей тарапының Киев 6 мамырдан жариялаған атысты тоқтату мүмкіндігіне пысқырып та қарап отырмағанын көрсетінін алға тартты.
«Қанқұйлы Ресей басшылығын алаңдататын жалғыз нәрсе – Қызыл алаңдағы қысқа мерзімдік тыныштық», – деп жазды президент өзінің Telegram арнасында.
Келесі жазбасында ол бейсенбіде Украинаның «ұзақ қашықтықтағы санкциялары», атап айтқанда, шекарадан 1500 км қашықтықта жатқан Ресейдің Пермь қаласында қолданылғанын атап жазды. Онда жергілікті билік өнеркәсіптік кәсіпорындардың біріне дрондардың соққы жасағандарын жазған болатын. «Жақында 1800 шақырым қашықтықтағы Челябіде, 2000 шақырымға жуық жердегі Екатеринбургте елеулі маңызды оқиғалар орын алды. «Новороссийск, Қырым, Туапсе, Самара және Төменгі Новгород облыстарында украинның қашықтан соғатын лептерінің салдары сезілді», – деді Зеленський.
USD




