АСТАНА. 10 шілде. Үш министрлік Қазақстандағы көші-қон саясатын бұрынғыдан бетер қатаңдатудың барлық айла-шарғыларын жасап жатыр. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Қазақстан көші-қон ережелерін (әзірге пилоттық жоба аясында) қатаңдатты. Жаңа талаптар қандастарға да, елмен туыстық байланысы бар адамдарға да, сондай-ақ Қазақстанмен ешқандай байланысы жоқ тұлғаларға да қатысты», – делінген хабарламада.
Ендеше, Қазақстан қазіргі таңда бұл мәселеге байланысты қандай ережелер енгізіп отыр, олардың мақсаты қандай, елдегі көші-қон үдерістерінің ерекшелігі неде, енді тұрақты тұруға рұқсат (ТТР) алу үшін не қажет және бұл өзгерістерді келушілер қалай қабылдап жатыр?
Қазақстан посткеңестік кеңістікте көшуге ең тартымды бағыттардың біріне айналды. 2026 жылы америкалық Remitly компаниясы елімізді Immigration Index рейтингіне енгізіп, Қазақстан 82 елдің ішінде 53-орынға орналасты және зерттеуге қатысқан ТМД елдері арасында көш бастап келеді. Рейтинг авторлары мұны республикадағы өмір сапасына, экономикалық мүмкіндіктер мен шетелдіктер үшін жасалған жағдайларға қарай бағалаған.
Бұдан бөлек, биылғы көктемде Қазақстан тұрақты тұруға қалғысы келетін шетел азаматтарына қойылатын талаптарды да күшейтті.
Енді тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетін әрбір үміткер – шетелдіктің елде заңды түрде 10 жыл тұруына және азаматтармен тең құқықтардың көпшілігін пайдалануына мүмкіндік беретін құжат мына талаптарды жүзеге асыруы тиіс:
Қазақ тілін жақсы меңгеру: ҚАЗТЕСТ-тің әр бөлімі бойынша – оқу, тыңдалым, жазылым, лексика және грамматика – кемінде 70 пайыздық дұрыс жауап жинау қажет.
Өмір сүруге жеткілікті қаражатының болуы: ТТР алғаннан кейін 5 жыл бойы жыл сайын банк шотында кемінде 5,7 миллион теңге (1320 АЕК) бар екенін растау керек.
Мемлекет белгілеген өңірлердің бірінде кемінде бір жыл тұру: Олардың қатарында Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары бар.
Ал Астана мен Алматы қалалары ТТР алуға үміткерлер үшін іс жүзінде жабық.
Бұған қоса, үміткерлер жоғары «иммиграциялық әлеует» талабына жауап бере алатын болуы тиіс: сапалы білім, жұмыс тәжірибесі, шет тілдерін білу және сұранысқа ие мамандық болуы қажет.
Аталған талаптардың барлығы жоғарыда аталған үш ведомство – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірлесіп қабылдаған бұйрықта атап көрсетілген.
USD




