Бұл әулеттен бір емес, бірнеше ғалым шыққан. Жалпы, Салқынбайдың салқынқанды ұрпақтары шетінен ізденімпаз, қай-қайсысы да бір нәрсені қолға алса, түбіне жетпей тынбайды. Мәселен, Анар Салқынбай – филология ғылымдарының докторы, профессор, еліміздегі танымал лингвистердің бірі. Қатарласпыз. Қанаттаспыз. Құрдаспыз. Зейнолла Салқынбаев – әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты. Танимыз. Тұғырласпыз. Тілеулеспіз. Ал Мұхит (Мұхиддин) Салқынбаев – белгілі шығыстанушы ғалым. КазГУ-дің түлегі. Араб тілінің маманы. Әдебиет және өнер институтында аспирантурада оқыды. Ол бұл ғылыми мекемеге сол жылы оқу бітірген курстастарымен бірге келді. Әдебиеттанудың майын ішкен марғасқалардың мектебінен өтті. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ-араб әдеби байланыстарын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Содан соң өзі оқыған университеттің шығыстану факультетінде бірнеше жыл дәріс берді. Араб тілі кафедрасының меңгерушісі болды. Ғылыми ізденістерін де жүйелі жалғастырды. Миллиондарды тамсандырған «Мың бір түннің» тылсымына ден қойды, тамыры тереңде жатқан «Кәлила мен Димнаның» бастау-бұлағына үңілді.
Қысқасы, Қазақ еліндегі шығыстану ғылымының түтіні түзу ұшуына елеулі үлес қосты. Ғылыми жетекшісі ретінде біз де оның жетістікке жеткенін көргенде ептеп қана қуанып қоямыз. Мінезі жайлы. Ұстамды. Сабыр сақтай біледі. Яғни, Мұзды мұхит емес, мұзсыз Мұхит! Сонымен қатар бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында да медиаменеджер Мұхиттың қолтаңбасы қалды. «Қазақ газеттері» ақпарат компаниясы басшысының орынбасары, «Ақиқат» журналының бас редакторы болды.
Кейінгі жылдары мемлекеттік қызметке келді. Жеті жыл бойы Президенттің Баспасөз қызметінде тер төкті. Ел өміріндегі елеулі оқиғалардың басы-қасында жүрді. Бас кеңсенің жұмысына Мұхиттың сіңірген еңбегі зор. Несі бар, ғылыми ой-тұжырымға бейім жігіттер бұл салаға да қажет.
* * *
Осынау күндері Мұхиттың маңайында көл-көсір қуаныш болып жатыр. Төрт-бес күн бұрын жаңа қызметке ауысты. Ендігі жұмысын Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінде жалғастырады. Елшіліктің су жаңа кеңесшісі алты-жеті жыл армандай аңсаған араб тілімен қайта қауышты. Шығыстану факультетінде дәріс берген ұстаздарының үмітін ақтауға ден қойды. Сондай-ақ, Астанадан Абу-Дабиге аттанар алдында Мемлекет басшысының жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Еліміздің бас баспасөз қызметі оның басына бақ қондырды. Сөйтіп, Мұхит кенересінен асып төгіліп жатыр. Амандық тілейміз! Дипломатия саласындағы қадамдарың сәтті болсын! Әлі де талай елдің топырағына табаның тисін! Ілияс Есенберлин «Мұхиттан өткен қайық» деп толғаса, біз «Мұхиттан өткен мұхит» деп тақым қысып отырайық. Білім де, ғылым да, елтану да бір-бір мұхит емес пе?! Солай ғой, Мұхиддин?
Ендеше, ел мен елді етене ететін мәмілегерлік мұхитында да жақсылап бір жүзіп көр!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2024 жыл
«Шағала» жинағынан
USD




