ҚЫЗЫЛОРДА. 22 шілде. Биылғы оқу жылы Қызылорда облысының білім беру мекемелері үшін зор табысқа жетелеген жетістікті жыл болды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қызылорда облысы білім басқармасының (басшысы Асқарбек Есжанов) жылдар бойы жүргізген жүйелі жұмыстары мен білім сапасын арттыруға бағытталған кешенді шараларының нәтижесінде Сыр бойының мектептері республикалық деңгейде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
Атап айтқанда, білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингісі (МОДО) зерттеуі қорытындысымен облыс жоғары жетістікке аяқ артып, 4-сынып оқушылары арасында республика бойынша ІІІ орынды, 9-сынып оқушылары арасында ІІ орынды иеленді. Бұл көрсеткіштер облыстағы білім беру сапасының тұрақты өсіп келе жатқанын айғақтайды.
Ал басты көрсеткіш – Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша орташа 74,90 балл жинаған Қызылорда облысының биылғы мектеп түлектері республика бойынша қатарынан үшінші жыл І орынды жеңіп алды. Бұл білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан мақсатты жұмыстардың, педагогтердің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің және оқушылардың қажырлы еңбегінің нақты нәтижесі екені анық.
Осындай нәтижеге қол жеткізу үшін білім саласына ерекше қолдау білдірген сол кездегі облыс әкімі, қазіргі Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың да үлестері зор.
Сондай-ақ әрбір шәкірттің бойына сапалы білім мен саналы тәрбие дарытып, кәсіби шеберлігімен өңір мерейін асырып жүрген ұстаздар қауымының еселі еңбегі бұл табыстың берік негізіне айналды.
«Бұл – Сыр өңірінің ортақ жеңісі әрі алдағы уақытта да білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейде жалғастыруға берік негіз», – делінген хабарламада.

USD




