МӘСКЕУ. 9 маусым. Ресейде мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына Никол Пашинянның Армения сайлауындағы талассыз жеңісін «жеңіліс» деп көрсету бұйырылды. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей президентінің әкімшілігі өздеріне адал мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына премьер-министр Никол Пашинянның «Азаматтық келісім» партиясының Армениядағы парламент сайлауында 49,81% дауыспен жеңгеніне қарамастан, оны «жеңіліс» ретінде тәкпірлеуге қатқыл пәрмен берді. Мұны Ресейдің «Медуза» телеграм-арнасына Кремльдің сойылын соғушы ірі медианың бірінің қызметкері айтты. Оның сөзіне қарағанда, редакцияларға 50%-дық дауыс деңгейін елемеуге күш салу, Пашинянның қызметінде «заңды отырғанына күмән келтіру» мақсатында сайлаудағы «тәртіп бұзушылықтар» туралы көбірек жазу ұсынылды.
Қазір жарияланып жатқан жарияланымдар мен телессюжеттерге қарағанда, Кремльдің асыранды басылымдары тапсырманы адал да айқын орындауға жедел кірісіп кеткен сияқты. Мәселен, «Бірінші арна» мен НТВ сол бойда «Азаматтық келісім» партиясының 50%-дан төмен дауыс жинағанын хабарласа, «Россия 1» арнасы оппозицияның билік тарапынан «теңдессіз қысым мен қыспаққа» түскеніне қарамастан, бәрі жабылып, кемінде 40% дауыс алғанын андағайлап айтып жатты. «РИА Новости» да Пашинян партиясының 50%-дан төмен дауысқа жеткенін жағаласа жариялады. Бұлардан ТАСС, «Интерфакс», «Ведомости» және РБК қалыспады. Бірақ «Азаматтық келісімнің» 50%-дан төмен дауыс алғанын жұрттың бәрі онсыз да біледі. Ол осы мөлшермен-ақ парламенттені 105 мандаттың кемі 61-ін алып, жеке-дара үкім шығара беретін дәрежеге жетіп отыр.
«Ит үреді, керуен көшеді» деген мәтел, шамасы, осындай мезеттерден туындаса керек. Олардың үргендерінен Пашинянның мұрты да қисаймаса керек.
Сайлаудан кейін Пашинян Queen – we are the champions тобының әніне ввидео жариялады және «үш басты соғыс партиясы» жеңіліске ұшырады деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ «қылмыстық-олигархиялық жүйемен» күресті жалғастыруға уәде берді, оның айтуынша, тап осы жайтты халық қолдап отыр.
Reuters мәнбелері «Мәскеу Самвел Карапетянды премьер-министр лауазымында көргісі келді және Ресейде тұратын 100 мың армянды дауыс беруге қатысу үшін жұмылдыру мүмкіндігін талқылады» деп мәлімдеді. Бұған қоса, Кремль боттар арқылы сайлауға әсер етуге тырысты. Сонымен, «Матрешка» желісі Интернетте 460-тан астам жалған видеоларды, жалған БАҚ жарияланымдарын және Пашинян мен оның еуропалық бағытының беделін түсіруге бағытталған басқа да материалдарды көптеп бей-берекет таратты. Бірақ оларға малдана да, алдана да қойған хай халқы көрінбеді, олар өз таңдауларын қаймықпай жасай алды. Бірақ «жығылған күреске тоймайды» дегендей, Кремль алған бетінен қайтатын емес.
USD




