ҚЫЗЫЛОРДА. 1 мамыр. Қызылордада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында дебат турнирі ойналды, ол «Өзіңнен баста» деп аталды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен дәріптеу және жастардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында «Өзіңнен баста» тақырыбында мемлекеттік жас қызметшілер мен жастар арасында облыстық дебаттық турнир өтті», – делінген хабарламада.
Ауқымды шара облыстық жастар ресурстық орталығында бастау алып, мазмұнды пікірсайыстар мен тартысты ой додасынан кейін «Достық үйі» ғимаратында өз мәресіне жетті. Турнирге «Republic», «Алаш Prime», «Әділдік альянсы», «Әділет Легионы», «Азат», «Аманат», «Нысана», «Әділетті Қазақстан» командалары қатысып, заң үстемдігі, тәртіп мәдениеті және азаматтық жауапкершілік тақырыптарын кеңінен қозғап, өзара білім мен шешендік шеберлік бойынша күш сынасты.
Финалдық кезеңде Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Қызылорда облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Фархат Иманғалиев және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мирамкүл Бибітова іріктеу кезеңдерінде үздік нәтиже көрсетіп, финалға жолдама алған екі командаға сәттілік тіледі.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Уәлихан Ибраев жастардың қоғамдағы белсенді рөлі мен заңға құрметтің маңыздылығына тоқталды.
«Даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы өзінің даналығында «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп, тәртіптің қоғам өміріндегі маңызын терең әрі дәл бейнелеп берген. Бұл даналық сөздің астарында үлкен тағылым жатыр. Тәртіпке бағыну – әлсіздіктің емес, керісінше, саналы азаматтың парасаттылығы мен жауапкершілігінің белгісі. Заң мен тәртіпті құрметтеген ел ғана еңселі, бірлігі бекем, болашағы баянды мемлекетке айналады. Әрқайсыңыз өз ортаңызда заң мен тәртіптің жаршысы болып, өзгелерге үлгі көрсете білсеңіздер, еліміздің болашағы баянды болары анық», – деді Уәлихан Серікұлы.
Турнирдің әділ өтуіне Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Фархат Иманғалиев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мирамкүл Бибітова және «Бедел» ораторлықты дамыту орталығының директоры Айжан Орынбасар қазылық етті.
Тартысты өткен финал қорытындысы бойынша І орынды «Аманат» командасы жеңіп алды, ІІ орынға «Нысана» командасы шықты, ІІІ орын «Алаш Prime» командасына бұйырды, ал IV орынға «Republic» командасы жайғасты.
Аталмыш дебаттық турнир жастардың сыни ойлау қабілеті мен шешендік өнерін дамытуға серпін беріп, олардың қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және заң мен тәртіпке деген құрметін арттыруға ықпал етеді.

USD




