ҚЫЗЫЛОРДА. 22 тамыз. Бүгін Қызылордада «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің қорытындысы шығарылып, жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осыған арналған салтанатты шара «Құзыреттілік орталығында» өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімі Мұрат Ергешбаев отбасы – қоғамның алтын діңгегі, ұлттың рухани тірегі екенін атап өтіп, қатысушыларға ризашылығын білдірді.
«Баршаңызды отбасы құндылығын ұлықтап, шаңырақтың шырайын, ұрпақ тәрбиесінің өнегесін дәріптейтін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің қорытындысымен шын жүректен құттықтаймын. Жыл сайын әр аймақтан өнегелі отбасылар байқауға белсене қатысып, құрметке ие болып келеді. Биыл қала, аудандардан 220 отбасы қатысып, 16 отбасы үздік деп танылды. Осындай үлгілі әулеттер ұрпақ сабақтастығын сақтап, құндылықтарды насихаттауға негіз қалайды», – деді ол.
«Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев: «Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады» деп атап өткен еді. Халықтық Конституциямызда отбасы мен ұрпақ тәрбиесінің қоғам өміріндегі орны айқын көрініс тапқан. Сондықтан отбасының мәртебесін көтеру, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – баршамызға ортақ міндет. Шаңырақтың беріктігін сақтап, сыйластық пен мейірімділікті өмірінің өзегіне айналдырған барша отбасыларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Әрбір шаңыраққа баянды бақыт, амандық пен бақ-береке тілеймін», – деді Мұрат Нәлқожаұлы бұдан әрі.
Қорытындыда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпазы болып Арал ауданының тұрғындары Құтмамбетовтер отбасы танылып, бас жүлде алды.
Бұдан кейінгі бірінші орынға шиелілік Бәкіровтер, екінші орынға қазалылық Досхожаевтар, үшінші орынға қызылордалық Бимұратовтар отбасылары лайықты ие болды.
Бұдан бөлек, «Ұлағатты отбасы» аталымы Жұмағалиевтер отбасына (Арал ауданы), «Берекелі отбасы» аталымы Шахмарановтар отбасына (Қазалы ауданы), «Бәйтерек отбасы» аталымы Тортаевтар отбасына (Қармақшы ауданы), «Кемел отбасы» аталамы Қиясовтар отбасына (Қармақшы ауданы), «Жігерлі отбасы» аталымы Түлековтер отбасына (Жалағаш ауданы), «Ынтымақты отбасы» аталымы Ахметовтер отбасына (Жалағаш ауданы), «Еңбекқор отбасы» аталымы Бисеновтер отбасына (Сырдария ауданы), «Өнегелі отбасы» аталымы Бұрхановтар отбасына (Сырдария ауданы), «Мәуелі отбасы» аталымы Әбішовтер отбасына (Шиелі ауданы), «Үлгілі отбасы» аталымы Ақылбековтер отбасына (Жаңақорған ауданы), «Өнерлі отбасы» аталымы Әуелбековтер отбасына (Жаңақорған ауданы), «Шуақты отбасы» аталымы Бодановтар отбасына (Қызылорда қаласы) табыс етілді.
Жеңімпаз бен жүлдегерлер түрлі сыйлықтармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Шара соңы мерекелік бағдарламаға ұласты.
Айта кетуіміз керек, өңірде әр отбасының әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. Бүгінде облыста 17 500-ге жуық көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан тұрақты қолдауға ие.
Соңғы төрт жылда тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер кілті беріліп, 30 мыңнан аса жерлесіміз баспаналы болды. 2026-2027 жылдары 6200-ден астам пәтер ел игілігіне табысталып, 25 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесін шешу жоспарлануда.
Отбасы құндылығын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беру бағытында «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» жүйелі жұмыс жүргізеді. Аудандардағы «Руханият орталықтары» жас отбасыларға қолдау көрсетіп, маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді.


USD




