ДУШАНБЕ. 29 тамыз. Қазақстандық дәрігерлер тәжік байтағында күрделі операциялар жасауға қатысып, жергілікті әріптестеріне мастер-класс көрсетті. Бұл туралы Asiaplus.news ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Кеше Қазақстан медицинасының Тәжікстандағы декадасы аяқталды. Осы онкүндік аясында екі ел медицина саласы мамандары өзара тәжірибе алмасты.
«Қазақстан мен Тәжікстан мамандары бірлесе операция жасап, медицинаның әртүрлі бағыттары бойынша пациенттерге кеңестер берді және мастер-класс жүргізді», – делінген хабарламада.
Қазақстанның жетекші медициналық орталықтары мамандарының қатысуымен өткен іс-шара 25-27 тамыз аралығында керуен керді.
Қазақстандық трамватологтар мен ортопедтер «Истиклол» медициналық кешені базасында IV дәрежелі сколиоз деген кеселі бар 13 жасар пациентке күрделі ота жасады. Мамандар сондай-ақ жол-көлік оқиғасы салдарынан ауыр жарақат алған 37 жастағы ер кісіге хирургиялық жәрдем көрсетті.
Қазақстан трамватология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығының дәрігерлері стационарлық ем алып жатқан 23 пациентті бір күнде қарап, тағы 67 адамға амбулаториялық қабылдау жүргізді.
Қазақстан онкологтары онкогематологиялық науқастары бар балаларды да қосқанда, бірнеше күрделі жағдайға орай консилиум өткізді. Мамандар сондай-ақ бүйрек ауыстыру жөніндегі операцияларға қатысты.
Қазақстан ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының дәрігерлері тәжік әріптестерін онкологиялық сырқаттарды диагностикалау және емдеудің қазіргі заманғы тәсілдерімен таныстырды. Тараптар дәрі-дәрмек терапиясын, жоғары технологиялы хирургия, ядролық медицина және трансплантация мүмкіндіктерін талқылады.
Біздің мамандар Тәжікстан акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми-зерттеу институтында жүктілік пен босануды басқарудың заманауи әдістері бойынша практикалық сабақтар өткізді. Бұдан бөлек, бағдарламаға кардиология, эндокринология, ЛОР-хирургия, балалар хирургиясы, травматология және неонатология бойынша шеберлік кластары кірді.
Қазақстан медицинасы күндерінің қорытындысы бойынша тараптар кәсіби алмасуды бұдан әрі жалғастыруға келісті. Тәжік мамандары Қазақстанның медициналық ұйымдарының базасында оқудан өтіп, біліктілігін арттыра алады. Сондай-ақ, бірлескен медициналық форум өткізу және екі елдің медициналық мекемелері арасында келісімдерге қол қою жоспарлануда.
Қазақстан медицинасының күндері Тәжікстан мен Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығын дамытудың бір бөлігі болды, ол күрделі ауруларды емдеуде тәжірибе алмасу және заманауи медициналық технологияларды енгізу мәселелерін қамтыды.
USD




