ЕРЕВАН. 28 мамыр. Армения (Хайастан) премьер-министрі Никол Пашинян өз елін бір одақтастың қабағына бағындырып отырмайтынын айтты. Бұл Minval.az ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Армян лидері бұл мәлімдемені Беларусь президенті Александр Лукашенканың «Армения кімге керек» деген немкетті де кекесінді сөзінен кейін Ереванның өз саяси және экономикалық баламаларын кеңейтуі керек екені жөнінде қорытынды жасағанын баяндады.
27 мамырда Котайк облысының Абовян қаласында өткен митингіде сөйлеген сөзіндНиоле Никол Пашинян елдің енді бір маршрутқа, одақтасқа немесе энергиямен жабдықтау көзіне тәуелді болып отыра беруге ниетті емес екенін қадап айтты.
Оның айтуынша, Армения Батыс–Шығыс теміржол маршруттарының, Ахалкалаки – Карс желісінің, сондай-ақ Әзербайжан аумағы арқылы өтетін теміржолдың арқасында қосымша көлік мүмкіндіктеріне ие бола алады.
Премьер сонымен қатар Tripp жобасын іске қосу және Армения аумағы арқылы газ құбырын салу жоспарлары туралы хабарлады. Оның айтуынша, ел транзит үшін төлем ретінде газдың бір бөлігін ала алады.
«Біз осы транзит есебінен өз газымызға ие боламыз. Бұл транзит үшін бізге газ төленеді», – деді Пашинян.
Сонымен қатар, Пашинян Ереванның баламалы энергетиканы белсенді дамытуға және сонымен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуды жалғастыруға ниетті екенін, мұны еуропалық стандарттар бойынша реформалармен ұштастыра отырып атап өтті.
«Таңдау уақыты келгенде, оны Армения халқының өзі жасайды», – деді премьер-министр. Ол елдегі баламалардың болуын басты міндет деп санайды, сондықтан ешкім: «Армения кімге керек, ол қайда кетеді» деп, өктемси сөйлей алмайды.
Осы ретте соңғы кездері Хайастан Түркиямен де, араға ешкімді делдал етіп араластырмай, Иран мен Сакартвелоны ортаға тартпай, тікелей қарым-қатынас жасасудың алғы шарттарына қол жеткізе бастады.
USD




