АСТАНА. 20 қыркүйек. Кеше Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту мәселелері бойынша арнайы кеңес өткізді. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кеңесте Оқу-ағарту министрі мен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту барысы және оның негізінде Ұлттық білім беру платформасын дамыту жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептері тыңдалды.
«Бүгінде Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының барлық саланы, оның ішінде білім беруді цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Ұлттық білім беру платформасын құруға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылуда. Бұл саладағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға ғана емес, бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге, үнемделген қаражатты басқа да қажеттіліктерге бағыттауға мүмкіндік береді», – деп жазды Нұрлыбек Машбекұлы Facebook әлеуметтік желісінде.
Шымкент қаласы, Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстары әкімдерінің орынбасарлары өңірлердегі білім беру ұйымдарын цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жаңартылған жүйе арқылы 1-сыныпқа қабылдауға 490 мыңнан астам өтініш онлайн режимде берілген. Техникалық, орта білімнен кейінгі және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау үдерісі толық автоматтандырылған. Нәтижесінде колледждерге оқуға 220 мыңнан астам талапкер түскен.
Нұрлыбек Нәлібаев Ұлттық білім беру платформасын енгізу халыққа білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды қамтамасыз етумен қатар, бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге, үнемделген қаражатты білім беру саласындағы басқа да қажеттіліктерге бағыттауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Әкімдіктер «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп білім беру ұйымдарын деректер қорына қосуы және тиісті қолжетімділікті сатып алу кестесін енгізуі, кестенің орындалуын бақылауы тиіс. Деректердің толық, анық және уақытылы енгізілуіне жауапты адамдарды тағайындау өте маңызды.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы бұл үдеріс білім беру базасын жаңғыртуға жасалған нақты қадам болмақ», – деп атап өтті Бірінші вице-премьер.
Нұрлыбек Нәлібаев кеңес қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.

USD




