25 Тамыз, 02:08
RAST.kz
USD USD 457.99 ₸
EUR EUR 534.15 ₸
RUB RUB 5.47 ₸
Погода в Астане
Погода
Погода в Астане на 2 недели
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
RAST.kz
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Мен білетін Желтоқсан

16 Желтоқсан 2025 23:20
- Жаңалықтар, Таным
Мен білетін Желтоқсан
Facebook-те бөлісу Twitter-де бөлісу

Желтоқсан айын жанымызға жақын тартанымыз белгілі. Ол – сонау сексен алтының ызғарлы күндерінде Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған, тәуелсіздікке жету жолындағы мұң мен зардан, қасірет пен әділетсіздіктен арылу жолындағы көтерілісінің бірегейі. Кеңес Одағы деген алып империяның сұрқия саясатына қарсы шыққан, кеудесін ашу-ыза кернеген, ар мен намыстан жаралған ұл-қыздарымыздың, жастардың бас көтеруі болатын. Бұл – дүниені дүр сілкіндірген, Қазақ деген қайсар халықтың Әлемде бар екенін паш еткен көтеріліс еді…

Желтоқсанның 16-сында қасіретті хабар жетті. «Қонаев орнынан алынып, Колбин келді» деген. Қазақ халқының төбесіне жай түскендей болды. ҚазГУ қалашығы дүр сілкінді. Түнімен ұрандар жаздық. «Әр ұлттың өз басшысы болуы керек!». Осы іспетті, мағаналы, мәнді Қазақтың қанын, намысын оятатын ұрандар жаздық.

Тайлы-таяғымыз қалмай, 17 желтоқсанда ректораттың алдына жиналдық. Ол кезде оқу орнында 15 мыңдай студент оқитын. Бәріміз ұйымдасқан түрде Темирязов көшесінің бойымен Орталық алаңға беттедік. Амалдары қалмаған милиция көліктері алдымызға түсіп, жол бастап отырды. Сағат екілер шамасында алаңға жеттік. Алаңда көпшіліктің қарасы көбейіп қалыпты. Сол жерде коммисия құрылып, мінбеге шығып сөйлейтіндердің тізімі жасалды. Мен сегізінші болып жазылдым. Үкімет мүшелеріне арнап талап-арыздарымызды қағазға түсірдік.

Бір байқағанымыз мінбеге шығып сөйлегендер кері қайтпады. Оларды милиция күштеп, белгісіз жаққа алып кетіп отырды. Оны көрген жастар ызаланып, наразылықтарын күшейте түсті. Алғашқылардың бірі болып, ел ағалары Асқар Тоқпанов пен Жұбан Молдағалиев сөйледі. Олардың сөзін тізерлеп отырып тыңдадық. Жұбан аға «Мен қазақпын» өлеңін жігерлене оқыды. Біздің рухымыз одан сайын көтеріліп, бір желпініп қалдық.

Бір кезде алаңға қаладағы жұмысшы жастардың өкілдері келді. Көп ұзамай ұйымдасқан түрде жұмысшылардың келетіні жайлы хабар айтты. Уақыт өткен сайын алаңға жиналғандардың саны көбейе түсті. Ал милициямен бірге қолына арматура ұстаған белгісіз адамдар легі де көбейе бастады. Оларға жазалаушы полктың жауынгерлері қосылды. Мұздай қаруланған жасақ қалқандарын жерге қадап, қолдарындағы резинке таяқтарын ойнатып, күректерін жарқырата көтеріп, сес көрсетеуге кірісті. Артынша өрт сөндіретін машиналар келіп, ереуілшілерге су атқылады. Олардың қоқан-лоққысына сескенетін жастар бар ма, лап қойған жігіттер машиналардың шлангаларын жұлып алып, кейін қайтарды. Бұл біздің билікке деген ең алғшы тойтарысымыз, жеңісіміз еді.

Билік сосын сасық қулыққа көшті. Олар біздің оңай күш емес екенімізді білді. Бір кезде мінбеге Нұрсұлтан Назарбаев бастаған билік өкілдері шықты.

– Сендер тобырсыңдар, таяқ жемей тұрғанда үйлеріңе қайтыңдар! – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бірінші айтқан сөзі сол.

Оның мына қоқан-лоққы сөзіне наразы болған жігіттер мінбеге қарай тас лақтыра бастады. Бір тас Нұрсұлтанның бас киіміне (папахасына) тиді. Әбден ызаланған жігіттер мінбеге қарай лап қойды. Үкімет мүшелеріне де жан керек екен, лезде мінбе астындағы есіктен Орталық Комитеттің ғимаратына қарай қашып үлгерді. Темір есік қанша жұлқылағанмен ашылмады. Ендігі бір топ жастар Үкімет үйіне қарай бет алды. Оларды суық қаруланған, автомат кезенген әскери жасақ тосқауыл болып тұрды. Жасақ тек бұйрық болса, атуға дайын еді.

Қақтығыстың көкесі ертеңіне, 18 желтоқсанда басталды. Алаңда ине шаншыр орын жоқ. Бізді айналай қоршаған жазалаушы әскер міз бақпай аңдып тұр. Қоршауды бұзып шығуға әрекет жасап, олардың осалдау жерін іздеумен әлекпіз. Олар ереуілге шыққандардың айла-тәсілін әбден зерттеп, дайындалып үлгергендер емес пе? Біздің жақындағанымызды көріп, әдейіге шегінгендей болады. Сөйтіп, орталарын ашып, бізді кіргізіп, «қақпан» әдісіне салады. Ойламаған жерден қоршауда қаламыз. Бізді өлтіре сабап, итше тепкілеп, өлімші денелерді самосвал машиналарга тиеп, белгісіз жаққа әкетіп жатты. Сол «қақпанның» жемтігіне айналуыма сәл-ақ қалды. Әйтеуір, амалдай жүріп, бір топ жігіттер қашып шықтық. Басым жарылып, қан сорғалап, тоқтамай-ақ қойды.

– Байсейітова көшесі тар, жазалаушы жасақ аздау. Сол көшемен бұзып шығайық, – деді жігіттердің бірі.

Содан оншақты жігіт топтасып, Байсейітова көшесімен төмен қарай жүгірдік. Алдымыздан кездескен жасақтардың қоршауларын бұза-мұза әрі өттік. Сол жүгіргеннен Көк базарға дейін барып, әрқайсымыз бөлініп, тарап кеттік.

Үсті-басымның сау жері жоқ. Киімім алба-жұлма, қан. Өз түрімнен өзім шошып тұрған кезімде білектеріне қызыл мата байлаған, кесілген арматуамен қаруланған оншақты адам шыға келді. Олар мені көре салысымен аш қасқырдай анталай жүгірді. Алғашқы келіп жеткен тәртіп сақшысымақты шықшытынан бір теуіп, шалқасынан түсірдім. Екіншісін де құлатып үлгердім. Қалғандары жабылып, ұрып, тепкінің астына алды. Есімді жисам, тергеу камерасында жатыр екенмін. Ыңырсыған дауыстар, еденде бүрісіп жатқан қыз-жігіттер. Айқайлаған тергеушілердің дауысы.

Бір кезде бір қыз баланың дірілдей шыққан, әлсіз дауысы естілді. Қарасам, еденнің үстінде бүктеліп жатыр екен. Әлгі қыз бір кезде бар күшін жинап:

– Бұл өлім камерасы ғой. Олар бізге не істемед?. Ойына келгендерін жасады. Ар-ождаымызды таптады, қорлады. Абыройымызды айрандай төкті. Бұларды да адам дейді-ай! Кілең намысы жоқ, сүмелек сатқындар! Біздің көрген қорлығымызды сендердің де ұл-қыздарың көрсін! – деді де әлгі қыз сұлқ түсіп, үндемей қалды.

– Қарындасым, – деп жақындап едім, қозғалыссыз жатыр екен.

– Дәрігер шақырыңдар! – деп айқайлап, есікті тепкілей бастадым.

– Тыныш, тыныш! – деп зеки сөйлей тергеуші келді. Қыздың қолынан ұстады да: – Шаруасы бітті, өліп қалыпты, – деді.

Мен шыдамай, тергеушінің жағасынан алдым. Төбелес басталып кетті. Тергеушіні сұлатып салдым. Дәлізде жүрген тергеушілер келіп, жабылып, мені соққының астына алды. Одан кейінгі оқиға есімде жоқ. Қанша уақыт ессіз жатқанымды білмеймін. Аспан айналып, жерге түскендей! Ес жинасам, қалшылдап, тоңып барады екенмін. Қол-аяғымды баурыма жинап, бүрісіп жаттым. Айналамның бәрі қалың қар, әр жерде дөңкиіп жатқан адамдарың денесі. «Қайда жатырмын деген ой келді». Басым сынып барады. Ойлауға, қозғалуға шамам жоқ. Бір кезде алыстан қазақша сөйлеген дауыстар естілді.

– Өліктердің бәрін жинап, эксковатор қазған орға көміңдер!

Бұл жерден алыс кетуім керек деген ой келді. Бар күшімді жинап, қозғалайын деп едім, аяғым жарамады. Ұстап қарасам, аққан қан мұз болып қатып, етігіме жабысып қалыпты. Жан керек, кәйткенде де аман қалуым керек деген оймен, бар күшімді жинап, әлгі жерден алыстау кете бардым…

Үш күннен кейін есімді жинап, тілімді тістеп, жүрегімді жұлмалап, сабаққа келдім. Әшейінде көңіл толқыныңда сеңше соғысып, арқа-жарқа жүретін журналистика факультетінің 5 курс студенттері бір-бірімізді көз жанарымыз арқылы түсіністік. Аудиторияның іші тып-тыныш, құлаққа ұрған танадай…

Тыныштық ұзаққа бармады. Бір-бір қанар сурет арқалаған КГБ-ның қызметкерлері сау етіп, жетіп келді. Көптігін-ай, санына жету қиын еді. Бәрімізді шақырып, жеке-жеке тергей бастады. Бұлардың құйтырқы әдетін алдын-ала байқаған мен курстастарымды шақырып алып: «Алаңға барғанымыз рас. Бірақ сағат бестер шамасында жатақханаға қайтып кеттік. Біз бейбіт шеруге шыққан едік, арты бұзақылыққа айналып кетуі мүмкін дегенді айтып, ортамыздағы ересегіміз Дәулет Телібаев бәрімізге бас болып, жатақханаға ертіп қайтты» дегенді айтыңдар» дедім.

Ақыры солай деп, тұрып алдық. Осы сойқаннан аман қалуымыздың басты себебі осы еді. Мұнымыз көрегендік болыпты.

– Дәке, сен айтқан түсініктеменің бір көшірмесі менде қалыпты, – деді Нұрым Ерғалиев хабарласып.

Иә, шындығында да Желтоқсан оқиғасы жылдар өткен сайын тарихқа айналып барады. Бірақ сол кезде бұл көтерілістің рөлі ерекше, билікті бір дүрліктіргені айғақ еді.

Біз көп ұзамай «Желтоқсан» партиясын құрдық. Оның тең төрағалары болып, Хасен Қожа-Ахмет пен Аманжол Нәлібаев сайланды. «Желтоқсан» газетін шығардық. Билікке наразылығымызды әлі тоқтатқан жоқ едік. Аштық жариялап, «Желтоқсандықтарды түрмеден босатуды, қалғандарын қудалауды тоқтату керектігін айтып», Үкіметке талап қойдық. Біздің талабымыздың кейбірі орындалып, жәбір шеккендер бейбіт өмірге араласа бастады.

Режиссер Қалдыбай Әбеновтің ұйымдастыруымен «Аллажар» фильмін түсіруді қолға алдық. Желтоқсандықтар жайлы көптеген тарихи деректер жинастырдық. Семей түрмесіне барып, Қайрат Рысқұлбековтің жатқан камерасына кіріп, оның өмірі мен азапталуының мән жайын анықтадық. Осы жинастырған деректердің негізі фильмге арқау болды. Іле-шала республикалық «Сана» газетінде Қалдыбай Әбеновтің «Қайрат Рысқұлбековті кім өлтірді?» деген зерттеу материалы жарық көрді. Желтоқсан көтерілісі жайлы әлі талай жазатын ойларым, шындықтың бетін ашатын мағлұматтарым бар. Ол алдағы уақыттың еншісінде…

Семей сапарынан кейін бір топ желтоқсаншылар Қайраттың үйіне барып, анасы мен бауырына көңіл айттық.

Желтоқсан – ол, сен, біздерміз,

Тағдыры қанмен жазылған іздерміз.

Биліктің басында намыссыздар тұрғанда,

Шындығы ашылмаған жүздерміз…

Жыл сайын желтоқсан айы жақындағанда көз алдыма Орталық алаңдағы қазақ жастарының өр бейнесі, қайсар мінезі, асқақ армандары оралады. Біздер, желтоқсандықтар үшін 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні, сонау тарихи кезеңді еске алумен, азаттық жолында құрбан болғандар мен зардап шеккендерді еске алумен басталады. Олардың қайсар ерлігіне бас иіп, тағзым етумен, Құран бағыштаумен жалғасады. Сонау сексен алтының дүрбелеңіндегі жан жарақатым жазылар емес. Оған қоса, бірінші топтағы мүгедектігім тағы бар. Кейде, жастармен кездесулерге барсам, кейбіреулер менен «Желтоқсаншы куәлігіңіз» бар ма, деп сұрайды. Менің жаным да, азаматтық арым да қағаз куәліктен жоғары.

Отан – оттан да ыстық!

Дәулет ТЕЛІБАЙТЕГІ,

экономика ғылымдарының докторы,

академик, журналист.

АЛМАТЫ

Таңбалар: Желтоқсан оқиғасызардапқуғынсоққы

Ұқсас мақалалар

Миллиондарынан айырылған Wildberries сатушылары нала білдіріп, Путинді қарғады
Дәулет

Миллиондарынан айырылған Wildberries сатушылары нала білдіріп, Путинді қарғады

19.07.2026
Украина Ресейдің стратегиялық Ту-95 зымыран тасығышын жойып жіберді
Жаңалықтар

Украина Ресейдің стратегиялық Ту-95 зымыран тасығышын жойып жіберді

17.07.2026
Боксшы Теміртас Жүсіповтің сұрапыл соққыларынан соң әйелі ауруханаға түсті
Әлеумет

Боксшы Теміртас Жүсіповтің сұрапыл соққыларынан соң әйелі ауруханаға түсті

09.07.2026

КӨП ҚАРАЛҒАНЫ

  • Өмірдің өрінен тағы бір жайсаң, жақсы жан өтті

    Өмірдің өрінен тағы бір жайсаң, жақсы жан өтті

  • Аида Балаева: Біз «Қазақфильмнен» айырылып қала жаздадық

  • Алашқа аты аян айтулы ақын Елубай Әуезов ақтық сапарға аттанды

  • «Көршінің қызы» керемет еді (видео)

  • Мемлекет басшысы Үкімет құрамында бірқатар өзгерістер болатынын мойындады

  • Путиннің кедейлерге арналған соғысы байларды байыта түседі

  • Денсаулық министрі жеке азаматтарды қабылдап, мәселелерін шешуге ықпал етті

RAST.kz

Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси, ғылыми-көпшілік порталы

Сайт Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде 23.01.2020 ж. тіркеліп, №KZ56VPY00019585 куәлігін алған.

Құрылтайшы:
«Даларус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Яндекс.Метрика

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Қоғам
  • Жаһан
  • Әлеумет
  • Дәулет
  • Аймақ
  • Сайыс
  • Таным
  • Қайнар
HTML Weather widget for website by meteolabs.kz

USD USD 457.99 ₸
EUR EUR 534.15 ₸
RUB RUB 5.47 ₸

© 2026, Барлық құқықтар сақталған.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру

Add New Playlist