АСТАНА. 25 тамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Министр қабылдау барысында Мемлекет басшысына денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жай-күйі мен алдағы кезеңге арналған перспективті міндеттері жөнінде баяндады.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, өткен жылы елімізде өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жеткен. Бұл – әлемдік орташа деңгейден жоғары көрсеткіш. Биылғы бірінші жарты жылдықта жалпы өлім-жітім 3 пайызға төмендеген. Былтыр алғаш рет ана мен бала өлімі ең аз көлемде тіркелді.
Министр Президентке сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігін арттыру, «Қолжетімді емхана» тұжырымдамасын жүзеге асыру, халықтың скринингтен өтуін жеңілдету хақында мәлімет берді.
Дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету және оның айналымын бақылауды күшейту шаралары жүргізіліп жатыр.
2024 жылмен салыстырғанда, дәрігерлер тапшылығы республикада – 19 пайызға, ауылдарда – 16 пайызға және орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі 7 пайызға азайған.
Ақмарал Шәріпбайқызы сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлына медицина қызметкерлерін қорғау турасында жасалып жатқан шаралар жайлы ақпарат жеткізді. Бұл орайда заңнаманы қатаңдатуға, дәрігерлерге шабуыл жасалған жағдайда жедел көмек көрсетуге ден қойылады.
Министрліктің мәліметінше, келесі жылдан бастап әлеуметтік осал топтағы 1 миллион адам медициналық сақтандырумен қамтылады.
Мемлекет басшысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін тиімді ету, аса маңызды дәрі-дәрмектердің отандық өндірісін дамыту бойынша бірқатар міндет жүктеді. Сондай-ақ азаматтардың денсаулығын нығайту және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмыстарын жалғастыру жөнінде тапсырма берді.
USD




