БРЮССЕЛЬ. 9 шілде. Еуропарламент саяси топтарының көпшілігі Еуропа одағын Ресей демократиялық күштерін, соғысқа қарсы белсенділерді және азаматтық қоғамды қолдауды жалғастыруға үндеді. Бұл туралы Deutsche Welle (DW) ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кеше, 8 шілде, сәрсенбі күні Страсбургте өткен пікірталасқа Еуропа парламентінің барлық саяси топтарының өкілдері қатысты. Олар Еуропа одағының ресейлік демократиялық күштер мен азаматтық қоғамға қатысты одан әрі саясатына көзқарастарын белгіледі. Бұл тәсілге тек оңшыл саяси топтардың өкілдері ғана қарсы болды.
Еуропарламенттің ең ірі фракциясы – Еуропа Халық партиясынан депутат Сандра Калниете Ресейдің «жандануы» мен «қоғамын сауықтырудың» жалғыз жолы соғыста Украинаның жеңіске жетуі екенін айтты. Оның сөзінше, Ресейдің неоимпериализмін тоқтату керек, ал Ресейдің Украинадағы агрессиясына қарсы ресейлік демократиялық күштер, құқық қорғаушылар және азаматтық қоғам ЕО-ның қолдауына әбден лайық.
«Ресей – Путин емес», – деді социал-демократтардың өкілі Алессандра Моретти. Демек, Ресей тек Путиннен және оның қарақшыларынан, сондай-ақ олардың соңдарынан шабаланып шауып жүрген адасқақ топтардан тұрмайды. Онда да демократияны қолдайтын тегеурінді толқын топтасып келеді.
Мореттидің айтуынша, Ресейде репрессия жағдайында демократияны, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғауды жалғастыратын «мыңдаған әйелдер мен ерлер» бар. Моретти атап өткендей, Еуропа одағы Украинаны Ресей агрессиясына қарсы соғыста қолдауды жалғастырып, сонымен бірге ресейлік құқық қорғаушыларға, демократияны қолдайтын және соғысқа қарсы белсенділерге көмектесуі керек. Сонда Ресейдің нағыз демократиялық күштері де содан серпін алады.
USD




