АҚТӨБЕ. 3 тамыз. Бүгін түнде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ақтөбе облысындағы жұмыс сапарын бастады. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен телекөпір арқылы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын ресми түрде бастап берген болатын. Президент өз сөзінде көлік дәліздерін дамыту ел экономикасының бәсекеге қабілетін арттыруға және өңірлер әлеуетін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Телекөпірге Ақтөбе, Қызылорда және Маңғыстау облыстары қосылды.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев аталмыш шараның сөре тартуын Қызылорда облысында қарсы алды.
«Мемлекет басшымыз аталған жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондықтан құрылыс жұмыстарының үйлесімді ұйымдастырылуын қамтамасыз етіп, барлық туындаған мәселені жедел шешу қажет. Бұл жолдар батыс өңірлердің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
«Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың айтуынша, жол құрылысына тәжірибелі мердігер ұйымдар тартылған. Қазіргі таңда барлық учаскеде жұмыс басталып, қажетті материалдармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірде өзге де ірі жол жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанына тоқталды. Қазіргі уақытта «Ембі – Шалқар», «Қандыағаш – Шалқар» бағыттарында және Т. Жүргенов ауылы арқылы Қостанай бағытына шығатын автомобиль жолында құрылыс қарқын алған. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының аумағы арқылы өтетін «Қызылорда – Қостанай» көлік бағытын дамыту жобасы пысықталуда. Бұл жобалар аяқталған соң өңірдегі автомобиль жолдарының сапасы едәуір жақсарып, басым бөлігі нормативтік талаптарға сай болады.
Өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 875 шақырым, биыл 1 122,5 шақырым жол құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде 856 шақырым жол қайта жаңғыртылып, екі көпір күрделі жөнделуде.
Бұдан бөлек, «Әлімбет» өткізу пунктін қайта жаңғырту жалғасып жатыр. Қазіргі таңда облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 88 пайызының жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде.
Бүгінгі жол инфрақұрылымын жаңғырту жобалары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.
USD




