БЕЙЖІҢ. 23 қыркүйек. Кеше Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьері орынбасарының шақыруымен Қазақстан Үкіметінің делегациясын бастап Бейжің қаласына жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстандық делегация бүгін мұнда «Жаһандық орнықты көлік форумына» қатысты.
Бұл – Нұрлыбек Нәлібаевтың Қытайға Премьер-министрдің бірінші орынбасары ретіндегі алғашқы сапары.
«Елдерімізді ортақ шекара мен тату көршілік ежелден байланыстырады. Мемлекет басшыларының тұрақты саяси диалогы қазақ-қытай стратегиялық серіктестігінің басты өзегіне айналды. Жақында Президентіміз «Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Астана Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға әзір» деп атап өтті», – деп жазды Нұрлыбек Машбекұлының өзі бүгін Facebook-тегі парақшасында.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары форумнан бір күн бұрын Қазақстан елшілігінде «CITIC Group» директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуаға ел Президенті атынан II дәрежелі «Достық» орденін тапсырды. Ол Си Гохуаның қазақ-қытай достығын нығайтуға және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалады. Бұған қоса, «Достық» орденін табыс ету қазақ-қытай қатынастарының беріктігін айқындайтын тағы бір символға айналып, «CITIC Group» компаниясымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Си Гохуа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына жоғары мемлекеттік марапат үшін шынайы алғысын жеткізді. Бұл награданы екі мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығымен жүзеге асырылып жатқан бірлескен күш-жігерді, Қазақстан мен Қытайдың іскерлік топтарының екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін мойындау деп есептейді. «CITIC Group» басшысы қазақ-қытай қатынастарының ерекше сипатына және екі елдің іскерлік топтарының жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға, мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды ілгерілетуге жауапкершілікпен қарайтынын мәлімдеді.
Нұрлыбек Нәлібаев Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) арналған жоғары деңгейдегі сессияда сөз сөйледі. Онда ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Шохрат Закир, Әзербайжан Премьер-министрінің орынбасары Шахин Мустафаев және Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Эрлист Акунбеков баяндама жасады. Олар ТХКБ-ның халықаралық жүк тасымалы жүйесіндегі рөлі жыл сайын артып келе жатқанын және оның Қытай мен Еуропаны байланыстыратын маңызды көлік дәлізіне айналғанын баяндады.

Сессиядан кейін өткен форумның салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары республикалың көлік саласын дамытудағы басым бағыттарын, халықаралық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды, Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы көлемінің тұрақты өсімін, көлік-логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін таныстырды.
«Жаһандық орнықты көлік форумының» жұмысына шет мемлекеттердің үкіметтік және министрлік деңгейдегі делегациялары, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, сарапшылар қауымдастығы мен іскерлік топтардың мыңға жуық өкілі қатысты.
Сапар бағдарламасының маңызды бөлігі – Нұрлыбек Нәлібаевтің ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары, Қазақстан – Қытай Ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Дин Сюэсянмен алғашқы екіжақты кездесуі өтті. Кездесуде тараптар екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту, ауыл шаруашылығы мен жоғары технологиялар салаларындағы және өңіраралық байланыстарды дамыту, инвестициялық өзара іс-қимылды жандандыру, трансшекаралық өзендер мәселелеріне, Қазақстан – Қытай ынтымақтастық комитетінің қызметіне, екіжақты ынтымақтастықтың басқа да өзекті бағыттарына назар аударды.
Сапар шеңберінде қытайлық «China Communications Construction Company» (CCCC) президенті Чжан Биннаньмен және «CITIC Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуамен екіжақты кездесулер өтті. Тараптар Қазақстанға инвестиция тарту, бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жаңа салалардағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

USD




