ҰЗЫНАҒАШ. 24 қазан. Бүгін Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы – Ұзынағаш ауылында белгілі журналист, қоғам қайраткері Күмісжан Байжанның 75 жасқа толуына арналған шаралар орын алды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Алматы облысының, Талдықорған қаласы мен Жамбыл ауданының құрметті азаматы, Құрметті журналист, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Күмісжан Байжанның «Туған жерім – тұмарым» атты шығармашылық кеші Жамбыл аудандық мәдениет үйінде өтті. Оны ақын Жылбек Тоқтасынов жүргізді.

Шығармашылық кешін айтыскер Жалғас Мақсұтов арнау-жырмен ашты. Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев мерейтой иесіне өзінің жылы лебізін білдіріп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау хатын оқып берді, соңынан өңір басшылығының сый-сияпатын табыс етті.
Кеште сондай-ақ Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті саласының ардагері, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, ардагер Ызғарбек Бектұрсынов, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагерлері, жазушы-журналистер Жұмагүл Солтиева, Қорғанбек Аманжол, ақын Нүсіпбай Әбдірахым сөз сөйлеп, қарымды қаламгер Күмісжан Байжанның өмір жолдары мен шығармашылығы сипаты жайлы әңгіме қозғады.
Кеште мерейтой иесінің шығармашылық саласында атқарған айтулы жұмыстары, оның ерекше қасиеттері мен өнеге алар тұстары кеңінен сөз етілді. Соның ішінде оның Жамбыл аудандық үнпарағын 1986 жылдан бастап үздіксіз 20 жыл басқарғаны, сол уақыт аралығында газет ісін өркендетуге қосқан үлесі, шәкірт тәрбиелеп шығарудағы өлшеусіз еңбегі айтылды. Ол сол тұста «Екпінді еңбек» атауымен шығып тұрған басылымды «Атамекен» деп өзгертудің де басында тұрды. Күмісжанның екінші тынысы 2006 жылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысы бойынша тілшісі болып қызметке келген кезінде басталды. Ол осы уақыттары өңірдің өзекті мәселелерін көтеріп тұруда ерекше көзге түсті.
Кешті жергілікті «Сүйінбай сазы» ансамблінің өнерпаздары әнмен өрнектеп тұрды.

USD




