ОСЛО. 6 маусым. Норвегияда аяқталған «Norway Chess Women 2026» турнирінде мерзімінен бұрын жеңімпаз атанған Бибісара Асаубаева соңғы турда жеңіліп қалды. Бұл туралы ChessPro Live дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақ шахматшы қызы кеше түнде ойналған аяққы ойында қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен шаршы тақта үстінде есе жіберіп қойды. Ал Чжу Цзиньэр – Конеруді, Музычук Дешмухты негізгі уақытта тізе бүктірді.
Сонымен, турнирде 16,5 ұпай жинаған Бибісара Асаубаева жеңімпаз атанса, 16 ұпай жинаған қытайлық Чжу Цзиньэр – екінші, 15 ұпай алған украин қызы Анна Музычук үшінші орындарға жайғасты.
Кіл таңдаулылар турниріне 6 шахматшы қатысты. Олар 2 айналымнан, 11 турдан тұратын сайысқа түсті. Олардың сапында Цзюй Вэньцзюнь (Қытай, 2559), Чжу Цзиньэр (Қытай, 2546), Хампи Конеру (Үндістан, 2535), Бибісара Асаубаева (Қазақстан, 2527), Анна Музычук (Украина, 2522), Дивья Дешмух (Үндістан, 2500) сынды саңлақтар болды.
Ерлер «алтылығында» Магнус Карлсен (Норвегия, 2840), Винсент Каймер (Германия, 2759), Алиреза Фирузджа (Франция, 2759), Уэсли Со (АҚШ, 2754), Рамешбабу Прагнанандха (Үндістан, 2733), Доммараджу Гукеш (Үндістан, 2732) секілді шахматшылар шайқасты. Қорытындыда 18 ұпайды активіне түсірген Рамешбабу Прагнанандха жеңімпаз атанса, 17 ұпайлы Уэсли Со – екінші, 15,5 ұпайлы Алиреза Фирузджа үшінші орындарға табан тіреді.
Жарыстың жаңа ережесіне сәйкес, кезекті ойын тең аяқталған жағдайда қарсыластар бұрынғы тастарымен армагеддон-партия, яғни овер-тайм өткізді. Классикалық партияда ұтқан спортшыға 3 ұпай жазылды, одан жеңілуші ұпайсыз (0) қалды, ал қосымша уақытта, яғни армагеддонда жеңіске жетушіге – 1,5 ұпай, жеңілушіге 1 балл берілді.
Әрбір партияда 30-шы жүріске дейін тең ойынға келісуге тыйым салынды.
USD




