ҚЫЗЫЛОРДА. 5 қыркүйек. Қызылордада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған шағын футболдан облыстық турнир өзінің мәресіне жетті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Бүгін Қызылорда қаласындағы «Еуразия» спорт кешенінде Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Адалдық өзіңнен басталады» тақырыбында шағын футболдан облыстық турнир өтті. Спорттық шараның негізгі мақсаты – қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын кеңінен насихаттау және бұқаралық спортты дамыту», – делінген хабарламада.
Турнирдің ашылу рәсімінде облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тілеуімбетов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызына тоқталып, заң талаптарын сақтау әр азаматтың күнделікті өміріндегі басты ұстанымдардың бірі болуы қажеттігін атап өтті.
«Заң мен тәртіп – қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік негізі. Бұл қағидатты орнықтыру мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің ортақ міндеті. Заң талаптарын сақтау, белгіленген тәртіпті орындау, өзгенің құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу – азаматтық жауапкершіліктің негізгі көрсеткіштері. Қоғамдық тәртіп адамның өзінен басталады. Әр азамат өз міндетін адал орындап, заң талаптарын сақтап, қоғамдық ортадағы жауапкершілігін сезінген жағдайда ғана ортақ тәртіп қалыптасады. Бүгінгі спорттық дода да осы құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді. Жарыс барысында әр команда спорттық әдеп пен өзара құрмет қағидаттарын сақтай отырып, жоғары деңгейде өнер көрсетеді деп сенемін», – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Жиында ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Алмас Өтешов жиналғандарды доп додасының ашылуымен құттықтады. Танымал спортшы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттың адамды тәртіпке, табандылыққа және жауапкершілікке тәрбиелейтінін атап өтті.
Облыстық турнирге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінен және Қызылорда облыстық филиалы жастар қанаты өкілдерінен құралған 8 команда қатысты.
Жарыстың қорытынды марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен арнайы марапаттар табысталды. Марапаттарды облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тілеумбетов және мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті басшысының орынбасары Нұржан Сүлейменов тапсырды.
Турнирдің қорытындысында I орынды «Барыс» командасы жеңіп алды, II орынға «Нұр» командасын орналасты, ал III орыннан Қызылорда облыстық филиалы жастар қанатының «Жастар рухы» командасы көрінді.
USD




